10 Маусым 2019
268

Екі елдің жастары бас қосты

 

Жақында Қостанай облысында Қазақстанның белсенді жастары мен көршілес Ресей елінің белсенді жастарының басын қосқан халықаралық Қазақстан-Ресей волонтерлар форумы өтті.

 

 

Қазақстан мен Ресей Федерациясының 1000-нан астам делагаты қатысқан шараға өңір жастарының атынан 15 делегат барып қайттық. Біз бұл форумда еріктілер қозғалысының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келген жас кәсіпкерлермен кездестік. Жалпы бұл форум бізге қатты ұнады. Өйткені ұйымдастырылуы, қонақжайлылығы жоғары деңгейде болды.

 

Еліміздің жарық жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламалар бізге ерекше көңіл күй сыйлады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды "Еріктілер жылы" деп жариялау туралы ұсынысы – форумның басты тақырыбына айналды. Ендігі кезекте еріктілерге арналған арнайы оқу орталықтары ашылып, бастамаларымыздың мемлекет тарапынан толықтай қолдау табатыны жастарға күш-қуат берері сөзсіз. Форумда ең үздік спикерлердің ой-пікірін тыңдап, ой түйдік.

 

Қостанайдың әсем жерлеріне, музейлеріне саяхаттап, табиғатына, тазалығына тәнті болып қайттық. Өңір жастарының атынан барғандықтан, намысты қолдан бермей - ең белсенді делегациялардың қатарында болуға тырыстық. Форум ұмытылмас сәттермен жадымызда сақталады. Бұл шарадан көкейімізге көп ой түйіп, ерекше әсермен оралдық. Біздің форумға барып-қайтуымызды ұйымдастырған «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігіне ризашылығымызды білдіреміз.