06 Маусым 2019
100

«Ассамблеяның түпкі мақсаты – тәуелсіздікті нығайту»

 

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтті.

 

 

БҚО ҚХА хатшылығы және БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов төрағалық етті.

 

«Бейбітшілік пен келісім формуласы: Бірлік және жаңғыру» деген атаумен өткен сессияға мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, ҚХА этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелері, барлық деңгейдегі «Қоғамдық келісім» кеңестерінің төрағалары, акционерлік қоғамдар мен серіктестік басшылары, кәсіподақ, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастар қатысты.

 

Күн тәртібінде «Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы» және «облыстық Ассамблея мүшелерінің ротациясы туралы» екі түрлі мәселе қарастырылды.

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясынан алған әсерлер, сондай-ақ облыстық Ассамблеяның бүгінгі таңдағы жұмысы туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берді.

 

- Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясындағы баяндамасында қоғамның бірлігі және ұлтаралық келісім - ең басты құндылық екендігін дәлелді түрде келтіре білді. Тұңғыш Президент өзге елдерді мысалға келтіре отырып, этникалық жанжалдар іргесі берік деген мемлекеттердің өзін құлдырауға әкелетінін айтып өтті. Бірлік пен ынтымақ сақталмаған елдердегі тарихтың ащы сабағын ұмытуға болмайды. Бұл мәселеде формализмге жол бермеуіміз қажет. Сондықтан ел бірлігін бекемдеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының түпкі мақсаты – тәуелсіздігімізді нығайту, - деді Ғайса Хамидоллаұлы.

 

Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда облыстық Ассамблеяның әрекет етуші белсенділерінің саны 21 мың адамнан асады. Атап айтқанда 239 қоғамдық келісім кеңесі, 153 ақсақалдар кеңесі, 158 аналар кеңесі, өзге де құрылымдар жұмыс жасайды. Жастар жылы аясында «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, достық клубтары және «Мейірім шуағы» еріктілер қозғалысы әрекет етуде.

 

Ғайса Хамидоллаұлы өз баяндамасында сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚХА-ның республикалық кеңесінде БҚО Ассамблеясының жұмысы туралы тыңдалғанын және оның жетістіктері үлгі ретінде республикалық деңгейде басшылыққа алынатынын қуанышпен атап өтті.

 

Сессия барысында еліміздің дамуына, сондай-ақ қоғам бірлігіне айрықша үлес қосып жүрген еңбек адамдары және жастар сөз алып, өзекжарды пікірлерін ортаға салды.

 

Олардың қатарында ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, «Uniserv» ЖШС-ның қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Николай Кондопуло, Ақжайық ауданының қоғамдық медиаторы Құрман Бисеғалиев, «Альтайр» ЖШС-ның басшысы Сергей Потиченко, Орал қаласындағы №21 орта мектептің мұғалімі, «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысының мүшесі Виктория Девяткина, жеке кәсіпкер, көп балалы ана Сәбира Еролиева, сондай-ақ облыстық Ассамблеяның өзге де белсенді мүшелері болды.

 

Қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Әзиз Талаповтың жасыл энергетика тақырыбындағы тәуелсіз ток көзін өндіру туралы қызықты ғылыми жобасы және БҚО «Яик» фольклорлы-этнографиялық казак орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Игорь Спиридоновтың шаһар іргесіндегі құс фабрикасынан тарайтын жағымсыз иістен арылу, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсыныстары тыңдалып, көпшіліктің қолдауына ие болды.

 

Сессияда Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді ескере отырып, БҚО ҚХА қала және аудан әкімдерімен, «Nur Otan» партиясымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқаруы тиісті бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, медиация институттарын пайдалана отырып, туындаған даулы мәселелердің алдын алу және уақытылы шешілуін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім кеңестерінің нақты жұмыс тәртібін қалыптастырып, олардың сапалық құрамын күшейту, ҚХА жас кәсіпкерлер Ассоциациясының шетел инвесторларымен экономикалық ынтымақтастығын кеңейту, өңірде инновациялық биотехнологиялық зертхана ашу мүмкіндіктері, губерниялық думалармен шекараластық байланыстарды қалыптастыру бойынша БҚО ҚХА депутаттық тобының жұмысын жандандыру бағытындағы қадамдар қолға алынатын болды.

 

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

суретке түсірген Рафхат Халелов