06 Маусым 2019
116

«Жыл сайын 400 шақырымнан астам жол жөнделуде»

 

«AQJAIYQ» арнасында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен тікелей эфирде «Әкім сағаты» өтуде. Облыс әкімі алдымен өңірдегі ең өзекті жол мәселесіне қатысты сауалға жауап берді.

 

 

- Үш жыл ішінде 1200 шақырымға жуық жол жасалды. Жол жөндеуге жыл сайын мемлекет тарапынан 30 млрд. қаржы бөлініп отырды. Осыдан 5 жыл бұрын жылына 180 шақырым жол жөндесек, қазір жыл сайын 400 шақырымнан астам жол жөнделуде.

 

Өткен жылы Тұңғыш Президенттің облысымызға іс-сапары кезінде Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы бағытындағы күре жолды күрделі жөндеуге тікелей тапсырма берді. Бір жыл ішінде министрлікпен жобалық-сметалық құжатын жасадық, конкрус өткізілді.

 

Қазталов-Жәнібек арасында 138 шақырым жолды жөндеуге құжаттамасы дайын, байқау өткізілді. Қазір Өнеге-Бисен-Сайқын жолын жөндеуден өткізуге конкурс өтуде. Жеті-он күн ішінде нәтижесі шығу керек.

 

Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы күре жолы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұр. Жолдың құрылысы басталды. Тек жұмыстың сапалы орындалуын қадағалауымыз қажет. Күні кеше Қазталов аудандарының тұрғындарымен кездестім. Олар биыл аудан орталығына жол жетсе деген тілегін айтқан еді. Мердігер маған уәде берді. Күзге дейін Жалпақтал мен Қазталов арасында асфальт толық төселіп бітеді.

 

Қазталов ауылынан басталатын бірінші лот бойынша 50 шақырым жолды  «Юнисерв» ЖШС жасайтын болса, Жәнібекке дейін екінші, үшінші лоттар бойынша 85 шақырым жолды «ТеміржолЖөндеу» ЖШС атқаратын болады. Ал Бөкей Орда бағытындағы лоттар бойынша конкурс өткізіліп, мердігер анықталып жатыр. Алдағы уақытта ол бағытта да жолды бастаймыз. Алдағы екі жылдың ішінде аяқтау көзделіп отыр,- деді облыс әкімі.

 

Сонымен қатар Алтай Сейдірұлы Чапаев-Жалпақтал-Қазталов жолына да тоқталды.

 

- Биыл осы жолдың жөндеу жұмыстарына 2 млрд. 500 млн теңге қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде «Юнисерв» ЖШС Қазталов бағытында 16,6  шақырым жолды жөндейтін болады. Бұл жолға қосымша қаражат қарастырылып жатыр. Сол үшін жылдың аяғына дейін мердігерге жолды түгелімен бітіруді тапсырамын,- деді.