14 Маусым 2019
84

Азия чемпионатының жеңімпазы атанды

 

Қырғызстан республикасының Шолпан-ата қаласында 6-12 маусым күндері қол күресінен XVIII Азия чемпионаты өтті. Аталмыш чемпионатта Қазақстан құрама командасының сапында жерлестеріміз қатысып, олжалы оралды.

 

 

Чемпионатқа жалпы 14 елден келген 1000-ға жуық спортшы қатысқан.

 

Азия чемпионатына Батыс Қазақстан облысынан 15 спортшы барса, соның екеуі қаратөбелік спортшы. Байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындықпен барған спортшылар үздік нәтижеге қол жеткізді. 2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Ержан Ерболат қарсыластарынан оқ бойы оза шығып І орынға ие болды. Ал 1998-2000 жылы туылған жастар арасында 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Фархат Қалиев жүлделі ІІІ орынға ие болып, қола медальға қол жеткізді.

 

- Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Он төрт елдің мықтылары жиналған додада шәкірттерім жақсы күресе білді. Қарсыластары да осал болмады. Олар психологиялық тұрғыда да үлкен дайындықпен барып, мол тәжірибелерінің арқасында қайсарлық танытты. Шәкірттерім алда талай белестерді бағындыратынына сенемін, - дейді құрышбілектілердің жаттықтырушысы  Нұрқат Нысанов.