18 Маусым 2019
370

Оралда «Туған елге тағзым» экспедициясы өтуде

 

Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттері бар «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы Орал қаласына келді.

 

 

Биылғы тақырып – «Рухани жаңғыру – жас ұрпақтың бағдары». Сондықтан жас зияткерлер өңірдегі археологиялық қорымдарға саяхат жасап, «Батыс Қазақстандағы Алаш арыстары» тақырыбында архивтегі құжаттармен танысады, өндірістік орындарды аралайды. Сонымен қатар Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген Жайық қалашығы, Тақсай қорғаны кешені, Жұмағазы хазірет кесенесі, Күнбатыс Алашорда нысандарын өз көзімен көреді. Айта кетейік, экспедиция құрамына оқу жылы үздік нәтиже көрсеткен шәкірттер алынады. Жоба мақсаты – белгілі бір аймақты тану, зерттеу.

 

Экспедицияның алғашқы күні меймандар мектеп ғимараты және қаланың ең көрнекті жерлерімен танысты. Экскурсоводтар өңірдің көне шежіресі мен бүгінгі келбеті жайын әңгімелеп берді. Келесі күн М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен басталды. Батыстың басты университетінде оқушылар тарих ғылымдарының докторы, М.Сдықовпен сұхбаттасты. Профессор экспедиция мүшелеріне Батыс Қазақстан археологиясының зерттеу тарихы және бүгінгі дамуы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

 

Ал түстен қаладан облыс орталығынан 12 шақырым жерде ортағасырлық Жайық қалашығына аттанды. Атақты «Тақсай ханшайымын» тауып, Қазақстан тарихын толықтыруға үлкен үлес қосқан археолог Яна Лұқпанова Жайық қалашығы, Тақсай қорған кешенінің тарихи маңызы, болашақтың еншісіндегі жұмыстар туралы айтып берді. Жас өлкетанушыларға, әсіресе, археологтың еңбек жолы, археологиялық жұмыстар кезіндегі қызықты сәттері ерекше әсер етті.

 

Айта кетейік, Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына Батыс Қазақстаннан жеті нысан енгізілді. Олардың қатарында  Жайық қалашығы, Тақсай обалар кешені бар.

 

Дәл осы уақытта оралдық он екі үздік зияткер экспедициясы аясында Қарағанды қаласындағы экспедиция құрамында. Қатысушылар экспедиция қорытындысы бойынша ғылыми мақала, эссе жазады.

 

«Туған елге тағзым» экспедициясы осы аптаның соңына дейін жалғасады.