14 Маусым 2019
101

Батысқазақстандық оқушы балалар киносы фестивалінің үздігі атанды

 

Қостанай қаласында өткен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносының республикалық фестиваліне Шыңғырлау мектебінің 10-сынып оқушысы Арсен Жанияров І орынды қанжығаға байлап қайтты.

 

 

«Фестивальге қатысып, үлкен әсер алдым. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімнен-ақ бейнероликтерді монтаждауға, анимация,   мультипликациялық техникада жасалған видеороликтерді жасауға әуеспін. Әсіресе, мультфильмдерді дубляждау қатты қызықтыратын. Кино-фестивальге «Қыран құстың елге оралуы» деген тақырыпта қысқа метражды анимациялық видео әзірледім. Онда елден жырақта жүрген қыран құстың  сағынышпен туған жерге оралуы суреттеледі»,- дейді Арсен.

 

Тоғыз түрлі аталым бойынша республиканың түкпір-түкпірінен 134 оқушы қатысқан балалар киносының республикалық фестивалінде Арсен «Анимация» аталымында үздік атанды.