14 Маусым 2019
200

Араб кәсіпкерлері инвестиция құюда

 

Биыл инновациялық жобаларды гранттық қаржыландыруға 47 млн. теңге бөлінген. Комиссия мақұлдаған 20 жобаның жартысы қаладан, жартысы ауыл-аудандардан. Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шағын жəне орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында өткен брифингте мәлім болды.

 

 

«Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік филиалының директоры Əсет Тілемісовтің айтуынша, «Бизнестік жол картасы - 2020» бизнесті қолдау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен жеке кәсіпкерлікті қолдауға 1 718,7 млн. теңге бөлінген, соның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1 477 млн. теңге, несиеге кепілдік беруге 194 млн. теңге, гранттық қаржыландыруға 47 млн. теңге бөлінген.

 

-Жыл басынан бергі уақытта 3586,2 млн. теңге несие шамасының пайыздық  мөлшерлемесін субсидиялауға 41 жоба мақұлданды. Бұл жобалар жиһаз шығаруға, өнеркәсіптік газ өндірісіне және мектепке дейінгі білім, медициналық және көлік қызмет көрсету салаларын дамытуға, жанар-жағармай өткізуге бағытталған. Осы жобалар негізінде 154 жұмыс орын ашу жоспарланды. Қысқа мерзімді оқыту курстарының аясында «Бизнес кеңесші» кәсіпкерлік негізінде 128 адам, «Бизнес өсім» жобасымен 12 кәсіпкер оқытылды. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысуға жеті өтінім, «Үлкен сеньорларға» екі өтінім қабылданды, - деді   Əсет Тілемісов.

 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша Орал қаласындағы және Ақсай моноқаласындағы жобаларды шағын несиелеуге республикалық бюджеттен  597,320 млн. теңге бөлінді. Несиелік қаржы «Халық банкі» АҚ және «Сбербанк» АҚ ЕБ арқылы кәсіпкерлерге берілуде. Аталған бағдарлама бойынша несиелер қалалар мен моноқалаларда жаңа микрокәсіпорындар құру, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің кәсіпкерлігін кеңейту мақсатына ұсынылады. Бағдарламаға қатысушыларға несие бес жылға дейін мерзімімен, ең жоғарғы шамасы 6,5 мың АЕК-ке дейін (16,4 млн. теңге) көлемінде 6%-бен  беріледі. Ауылдық жерлердегі жобаларды «жандандыруға» шағын несие «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысында 243,4 млн. теңгеге 26 несие рәсімделген. Биыл 2018 жылдың қалдық қаражаты есебінен жалпы шамасы 57 млн. теңгеге 6 несие берілді.

 

Облыстық кəсіпкерлік жəне индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, биыл инновациялық грантқа 47 млн. теңге бөлініп, гранттық комиссияның шешімімен 20 инновациялық жоба мақұлданған. Жиырма жобаның жартысы ауыл-аудандарда, өзгесі қалада жүзеге асырылады. Үздік жобалардың бірі Сырым ауданындағы балық шаруашылығын құру, яғни кларий жайынын өсіру жобасына 2,5 млн. теңге қайтарымсыз гранттық қаржы берілді. Енді балық өсіруді қолға алған ауыл тұрғыны өндіріске қажетті жабдықтар алмақ. Тағы бір жақсы жоба - Бөкей ордасы ауданындағы жаңа орталықтың жобасы.  Онда ауыл тұрғындарын робототехникаға, компьютерлік сауаттылыққа үйретеді.

 

Брифингте мәлім болғанындай, Теректі ауданындағы Алғабас ауылы маңындағы мұнай өңдеу зауытының құрылысына араб кәсіпкерлері инвестиция құюда. Бұл өзі  импорт алмастыруға және экспортқа бағытталған өндіріс болмақ. Зауыт өнімінің 80 %-ы ішкі нарыққа, 20%ы ТМД елдеріне шығарылады. Кәсіпорын жылына 750 мың тонна шикізатты өңдейді. Жобаның жалпы құны 420 млн. АҚШ доллары. «Бүгінде әкімшілік ғимараты мен қосалғы орынжайлар салынуда. Зауыттың жобасына сараптама жасалуда», - деді Мейрам Қабдығалиев.