21 Маусым 2019
383

Мемлекеттік қызметшілер күні атап өтілді.

 

Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шарасы облыстық мәслихатта өтті. Мемқызметшілерді облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады. 

 

 

- Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Алаштың көрнекті қайраткері, үш арысымыздың бірі Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген.  Әрбір мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі мен салмағы ерекше екені даусыз. Қажырлы еңбекті қажет ететін саладағы жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекеттік қызметші – билік пен халықты жалғайтын алтын көпір. Сондықтан да халыққа қызмет ету міндетімізді бар жауапкершілікпен жалғастыруға шақырамын. Барлығыңызға жаңа табыстар жолында дендеріңізге саулық, отбастарыңызға бақыт тілеймін!,-деді облыс әкімі.

 

Өңір басшысы Ақжайық өңірінің дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы мемлекеттік қызметшілердің үлесін атап өтті.

 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ Елбасының мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру бастамасын жалғастыра отырып, «Меритократия қағидасына сәйкес мемлекеттік қызметте лайықты әрі білімді адамғар ғана жұмыс жасау керек»  деп ерекше атап өтті. Президенттік кадр резервін құру ұсынылған ерекше жаңашылдықтың бірі болып табылады. Бұл жас мамандар үшін  күшті әлеуметтік лифт іспеттес. Біздер мемлекеттік органдарға өңірде мемлекеттік саясатты жүргізу қабілеті бар жас мамандарды жұмысқа шақырамыз. Соңғы бір жылдың өзінде меритократия қағидасына сәйкес 40 қызметшілер жұмыста жоғарылады. Облыста 140 «Болашақ» стипендиясының түлектері жұмыс жасауда,- деді өңір басшысы.

 

Шарада бірқатар қызметшілерге облыс әкімі және мемлекеттік қызмет департаментінің алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, қызметшілер арасындағы спартакиада жеңімпаздары марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Сырым ауданының әкімдігі, 2 орынды Мемлекеттік кірістер департаменті, 3 орынды Ақжайық ауданының әкімдігі иеленді. Сондай ақ, шара барысында жас мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі жүргізілді.

 

 

ФОТО: Темірболат Тоқмамбетов