27 Маусым 2019
158

Жеңімпаз жастарға сәттілік тіледі

 

Жуырда Қарағанды облысының Спасск қаласында өткен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынынан жеңіспен оралған өңір сарбаздарын бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

 

 

- Сіздерді облысымыздың намысын лайықты қорғап, жеңіспен оралуларыңызбен құттықтаймын. Бүгінгі таңда әскери-патриоттық тәрбиенің қоғамда алар орыны ерекше екені анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның әрбір жетістігі өздеріңіз сияқты жас өрендердің алаңсыз, жарқын өмір сүруі үшін жасаған қадам. Бүгінде біздің елімізге барша әлем қауымдастығы құрметпен қарайды. Мемлекетіміз қарқынды дамуда. Мұның бәрі тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде атқарылған табанды еңбектің нәтижесі. Еліміздің жетістігін еселеп, абыройын арттыру сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз!»- деген болатын. Осы пікірді қолдай отырып, әрқайсыңызды рухы мықты, Отан үшін отқа да, суға да түсетін ел патриоттары екендіктеріңізге сенемін. Сіздерге мықты денсаулық пен толағай табыстар тілеймін!,-деді облыс әкімі.

 

Басқосуда сөз алған «Жігер» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Марат Аққалиев аталған сайыстың өту барысы мен жеңіске жету жолына тоқталып өтсе, клуб мүшесі Әсем Төлегенова жастар жиынынан алған әсерімен бөлісті.

 

-Республикалық сайыста бағымыз жанып, жүлделі бірінші орын алғанымызға қуаныштымын. Команданың әр мүшесі өңіріміздің намысын қолдан бермуге тырысты. Бізді жеңісімізбен құттықтаған облыс әкіміне, сайысқа тыңғылықты дайындаған ұстаздарымызға және қолдау көрсеткен басқарма басшыларына зор алғыс айтамын. Алдағы биік додаларда да облысымыздың намысын қорғап, жеңіс тұғынынан табылуға тырысамыз,-дейді Әсем Төлегенова.

 

Кездесу соңында жарысқа дайындаған жетекшілер өңір басшысының алғыс хатымен марапатталып, команда мүшелеріне естелік сыйлықтар табысталды.