29 Маусым 2019
212

Облыс әкімі Ақжайық ауданында болды

 

Өңір басшысы Ғали Есқалиев Ақжайық ауданында жұмыс сапарымен болып, құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады.

 

Алдымен аудан орталығындағы 100 орындық интернаты бар 300 оқушыға арналған мектеп-гимназия құрылысын тексерді. Ағымдағы жылы құрылысы басталған нысанды 2020 оқу жылына тапсыру жоспарлануда. Нысанмен танысу барысында облыс әкімі құрылыс сапасы мен мерзімін сақтауды тапсырды. Ол үшін жергілікті тұрғындар арасынан қосымша жұмысшылар алу арқылы жұмыс қарқынын арттыру және жергілікті материалдарды пайдалануға да мән беру қажеттігін атап өтті.


Сондай-ақ, облыс әкіміне көппәтерлі тұрғын үй құрылысы таныстырылды. 3 қабатты тұрғын үйден биылдың өзінде 24 отбасы жаңа пәтерге ие болады. Сонымен қатар өңір басшысы Чапаев ауылы іргесіндегіндегі жайық өзені жағалауының жағдайымен танысты. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жағалауды жыл сайын өзен суы шайып, ауыл іргесінде орналасқан үйлерге қауіпті екенін және алдын алу үшін жағалауды бекіту жобасы жасақталып, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын баяндады.Облыс әкімі бұл жобаның елді мекенге төнген қауіпті сейілтіп, ауданның экожүйесін жақсартатынын атап өтті.


Сондай-ақ,  облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданының жұртшылығымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ақпарат алды. Өңір басшысы ауданның дамуы турасында бірқатар тапсырмалар берді. Облыс әкімінің айтуынша аудан басшыларының еңбегі шағын және орта бизнесті дамыту және инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша бағаланады. Сондай-ақ өңір басшысы ауыл шаруашылығындағы еңбек тиімділігін арттыру, автожолдар бойындағы кәсіпкерлікті, туризмді дамыту, шағын индустриялдық аймақ құру және азаматтық қоғаммен жұмысты дамыту қажеттігін атап өтті. Басқосу барысында өңір басшысы облыс әр ауданында халықпен жұмыста көмектесетін қоғамдық өкіл болатындығын мәлімдеді. Ақжайық ауданы бойынша қоғамдық өкіл болып еңбек ардагерлері Меңзипа Жұматова белгіленді. Жиынға қатысушылар өңір басшысына көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Басқосу соңында облыс әкімі  аудан тұрғындары жеке сұрақтары бойынша қабылдады.