02 Шiлде 2019
92

Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен келді

Ауданға жұмыс сапарын өңір басшысы «Sunkar Smart Sity» интеллектуалды бейнебақылау жүйесін орнату және сервистік күтіп-ұстау жұмыстарымен танысудан бастады.

 

 

Құқықбұзушылықтарды анықтау, жол ережесінің бұзылуына тосқауыл қою, қоғамдық қауіпсіздікті ұдайы бақылауды мақсат еткен жоба 81 басқарылатын және 162 стационарлы бейнекамерамен жабдықталған. Ауданға қарасты Переметный, Калинин, Көшім, Үлкен Шаған, Дариян, Мичурин, Асан ауылдарында орнатылған бақылау жүйе аудандық полиция бөлімінің ғимаратынан басқарылады. Оған қоса, әр ауылда қылмыс немесе төтенше жағдай орын алған аймақта шұғыл әрекет ету мақсатында арнайы дрон құрылғылары іске қосылмақ.

 

Одан әрі облыс басшысы «Қаз-Су-Шар» РМК Камен филиалы өндірістік бөлімшесінің сусорғы станция жұмысын бағамдады. Аталмыш мекемеге тиесілі су құбырының тозып, жарылуы салдарынан маусым айында ауданның бірқатар елді мекендері уақытша сусыз қалған болатын. Маңызды нысанның халыққа үзіліссіз қызмет етуін тапсырған облыс әкімі мәселені түпкілікті шешу үшін ұсыныс енгізуді тапсырды.

 

Әкімдік ғимаратында өңір басшысының қатысуымен өткен актив жиынында аудан әкімі Асхат Шахаров ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, алдағы жоспарларға тоқталды. Сондай-ақ кездесу қатысушылар өңір басшысына бірқатар ұсыныстар жолдады.

 

Облыс әкімі активпен кездесуінде кәсіпкерлік дамыту, жаңа жұмыс орындарды ашу, инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылықты дамыту мәселелеріне аса мән берді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың жұмысында ұзақ мерзімді жоспарлаудың маңыздылығын атап өтті. Жиын соңында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ғайса Хамедоллаұлы Қапақов өңір басшысының қоғамдық өкілі ретінде таныстырылды.