21 Маусым 2019
157

Оралда облыстық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті

Оралдағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Смарт технологиялар – жаңартылған білім беру мазмұнын мектеп тəжірибесіне енгізу құралы» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Басқосуға облыс бойынша 169 мұғалім қатысты. 

Мұндай тақырыптың таңдалуы кездейсоқтық емес, институттың əдістемелік тақырыбының өзі - «Смарт технологияларды сабаққа енгізу». Сондықтан осы тақілеттес шара халықаралық, республикалық деңгейде бұрыннан өткізіліп жүргендіктен, биылғы жетіншісі облыстық деңгейде ұйымдастырылған. Бірақ облыс көлеміндегі жиынға Алматы, Жамбыл облыстарынан мұғалімдер қатысты. «Облыс педагогтарының бұл тақырыпқа қызығушылықтары күшті. Бізде курстық жəне курсаралық шаралар өткізіледі. Курстық шараларда оқу курстары өткізілсе, курсаралық шараларда семинар, тренингтер, конференциялар ұйымдастырылады. Ұстаздар ондай келелі басқосуларға ұсынған сабақтарын смарт технологиялармен байланыстырады. Шалғай ауылдардағы мұғалімдер де күнделікті сабақтарына осы технологияларды енгізіп жүргендері қуантады», - деді аталмыш инститтуттың директоры Софья Ізмұханбетова.

Оның айтуынша, 2016 жылы Оралда республикалық деңгейде конференция өтіп, оған шетелдік ғалымдар қатысқан. Сонда Бөрлі ауданының педагогтары смарт технологияларды өздерінің сабақтарында пайдалану тəжірибелерімен бөлісіп, қатысушылардың таңдайын қақтырған. Содан кейін орталықтағылар республикадағы өзге 16 біліктілікті арттыру институтына оралдық институттың жұмысы тəжірибе ретінде таратуды ұсынған шешім қабылдаған. Осының өзі-ақ көп нəрсені аңғартқандай. «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер», - депті Алаштың қайраткері Жүсіпбек Аймауытов бұдан көп уақыт бұрын. Сол талап өзгерген жоқ, бүгінде қойылуда. Қазір инститтутта онлайн оқу курстары қолға алынған. Қазіргі уақытта мұғалімдердің заман көшінен қалмай ақпараттық технологиялармен сауатты жұмыстануы мəн-маңызға ие. Функционалдық сауаттылықтың бір тармағы осыған саяды. Өйткені ақпараттар ағыны заманында мұғалім барлық жағынан сауатты болуы керек.

Жиында С.Ізмұханбетова «АҚШ-тың білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы» баяндады. Жақында ғана жаратылыстану пəндерін ағылшын тілінде оқыту тақырыбы бойынша АҚШ-та тағылымдамадан өтіп келген оның əңгімесі əсерлі шықты.

«Ол елде де смарт технологияларды пайдаланатынын көрдім. Онда барлығы балаға жағдай жасауға бейімделген. Қазір оқыту үдерісінде бірінші орында оқушы, содан кейін мұғалім деп айтамыз. Өкінішке орай, көп жағдайда оны елеп-ескере бермейміз. Мысалға, біздің қаланың кей балалары сиырды қалай сауу керек екенін білмейді. Бəлкім, бұл бізге керек емес деп те ойлауымыз ықтимал. Ал АҚШ-та бастауыш сынып оқушыларына арналған музей бар. Сонда сиырдың тұлыбы қойылған, ұл-қыздар сол сиыр-мүсінді сауғанда, сүт шығады. Яғни балдырғандарға сүттің қайдан алынатынын іс жүзінде көрсетеді, ауыл шаруашлығына баулиды. Оған қоса сол сүттен қандай тағам жасауға болатынын да көрсетеді. Келесі бір бөлмеде шəкірттерге 3Д принтермен жұмыстануды, оның бөлшектерін қалай жасауды үйретіп жатты. Бір сөзбен айтқанда, құр сөзбен емес, іспен нақтылап үйретеді. Сондықтан біздің олардан үйренетініміз бар. Ұнамайтын жағы да болды. Мысалға, 16 жасқа толған жасөспірім міндетті түрде ата-анасынан бөлек тұруы тиіс. Бірге тұратын болса, ондағы қоғам оны қабілетсіз, ауру деп есептейді. Альбөлек кеткен ұл-қыз қайтып келіп, ата-анасын бағады деу қиын. Сол себептен де ол елде қарттар үйі көп. Оларда ата-ананың баланың алдындағы парызы, ұлттық құндылықтары мүлдем бөлек. Бізде адамгершілік тəрбиеге көңіл бөлінетіні қуантады», - деді Софья Салахиденқызы. Конференцияда облыстық оқу-əістемелік кабинетінің директоры Аякөз Хамзина «Жаңа мазмұндағы əдістемелік жұмыс», Алматы облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, магистр Фатима Кааркушекова «Смарт техниканы белсенді қолдануға бағытталған білім беру жəне оқыту əдістемесі», Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ-ның аға оқытушысы Ербол Ізбасаров «ХХІ ғасыр мүмікндіктері: смарт оқыту жəне жаңашыл ресурстар», облыс бойынша аталмыш институт директорының орынбасары Елдос Сафуллин «Педагогтың кəсіби өсуі жолындағы кедергілер» тақырыптарында баяндама жасады. Сондай-ақ, «Смарт бағытындағы конференциялар туралы», «Құбырларды кесу жəне пісіру» бейнежазбалары көрсетілді. Бұдан кейін басқосу фасилитациялық сессияға жалғасты. Жиын соңында конференция қорытындыланып, қатысушыларға қатысушы куəлігі табыс етілді.