21 Маусым 2019
136

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Осыдан 78 жыл бұрын 22 маусым күні фашистік Германия КСРО-ға шабуыл жасады. Бұл ел тарихындағы ұмытылмас күн. Дəл осы күнге орай Оралда «Жеңіс тарихы – Истории Победы» атты ардагерлерге арналған шара өтті.

«Samruk-Kazyna Trust», «Национальная волонтерская сеть» жəне «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен өткен шараға ҰОС жəне тыл ардергерлері келді. Олардың арасында Хамза Сафин, Вениамин Скаленко, Иван Дунько, Болат Джамбулов, Сахила Джамбулова бар. Ардаргерлер «Алтын болашақ» өнер студиясының өнерпаздарының концертін тамашалады. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын жарияланбаған тарихи құжаттардан көрме ұсынылды. Көрермен ерекше қызығушылық танытқан көрмеде 24 жауынгердің марапат парағы қойылған. Құжаттардың бірінде жас əнші, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген Ержан Максимнің арғы атасы Нугуман Исқалиев есімді майдангер бар.

-Ержан - Нугуман Исқалиевтің шөбересі. 1942 жылы Фурманов аудандық əскери коммисариатынан Қызыл армия қатарына алынған. Оған 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» ордені берлісе, отатқыш қарумен 50 немістің көзін құртып, алға қарай жүруге жол ашқаны үшін 1945 жылы ІІІ дəрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Нугуман ата елге аман оралып, 1945 жылы қараша айында Чапаев ауданында қайтыс болған. Ал ұшқыш, кіші лейтенант Тасмұхан Казиев У-2 ұшағымен көк жүзінде 838 сағат болған. Əуеге ешқандай апатсыз 858 рет ұшып, 238 тапсырманы шығынсыз орындап шықты. Осы уақыт ішінде 6,5 тонна дəрі-дəрмек, соғысқа қажетті басқа заттарды, 246 жаралы жауынгер мен офицерді майдан шебінен тылға тасыған жеткізді. 1942 жылы Сталинград қаласын жаудан қорғауға қатысып «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Қайтпас батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз» ордені берліген,- дейді көрмені халыққа түсіндірген «Батыс Қазақстан облыстық тарихимəдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы» КММ-ның инспекторы, журналист Ахмедияр Батырханов.

Ардагерлерге құрмет көрсетілген шарада ізгі тілекте айтылды.

- Отанды қорғау жəне тек қана жеңіс! Бұл қаршадайынан соғысқа аттанып, жеңіспен оралған ардагерлердің басты ұраны еді. Ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін жан аямай соғыстыңыздар. Өскелең ұрпақ ұлы батырлықтарыңызды мəңгі есте сақтайды. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деген «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының төрағасы Айболат Құрымбаев ардагерлерге естелік сыйлық табыстады.