24 Маусым 2019
41

БҚО əкімі өңірді дамытуға қатысты халықтан ұсыныстар қабылдауға дайын екенін айтты

Батыс Қазақстан облысының əкімі Ғали Есқалиев Facebook желісіндегі жеке парақшасында: "Менің жеке мобильдік номерім +77017776037. What's app арқылы, аймағымыздың дамуы бойынша нақты ұсыныстарыңызды бере аласыз" деп жазды.

"Өңіріміздің дамуына сөзбен емес, нақты іспен үлес қосуға даяр азаматтарды байқадым. Бізге жақсы ұсыныстар келіп түсуде, соның ішінде басқа өңірлерде тұратыр жерлестеріміздің белсенділігі басым. Мысалы, Беларусь елінде тұратын Əлімжан деген азамат Орал қаласын дамыту тұжырымдамасын жіберді. Онда қала бюджетінің үлкен шығынсыз жүзеге асыруға болатын көптеген жақсы идеялар бар. Облысымыздың стратегиясы, мал шаруашылығының дамуы, шағын жəне орта бизнес жəне т.б. ұсыныстар да бар. Келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, өзгерістерді енгізу бойынша тапсырмаларды да бердім. Мəселен, жол қауіпсіздігі, жасыл желектердің жаңа түрлеріне көшу, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында балабақша мен емханаларды орналастыру, "Таза ауыл" тұжырымдамасы, қадағалаусыз мал жайғаны үшін жауапкершілікті арттыру бойынша жəне т.б. Осы орайда, барлық ұсыныс-пікірлерді конструктивті талқылау үшін бірлесіп жұмыс атқаруға ниеті бар азаматтар This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. поштасына хат жолдауды сұраймыз" деп жазған Ғали Есқалиев облыс əкімі лауазымындағы жұмыстың бірінші аптасында əлеуметтік желі арқылы халықтан көптеген құттықтау мен тілектер алғанын айтып, алғыс айтты. Ал тұрғындардың өзінің ұсынысы бар хатты мынадай форматта жазуын сұрады: "Хат жолында - "Өңірге көмектескім келеді". Сосын хатта: қай аудан/қаладан, қандай саланы талқылауға дайынсыз; қай саланың маманысыз немесе сарапшысысыз (өңірдің даму стратегиясы, мемлекеттік жəне мұнайгаз саласындағы жергілікті мазмұнды арттыру, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, урбанистика, қауіпсіз жол, жобалық менеджмент жəне т.б.), байланыс (толық аты-жөніңізді, электронды пошта мен телефон нөмерді) көрсету. Облыс əкімі барлық ұсыныстарды талдайтын арнайы топ құрылатынын жеткізді.