24 Маусым 2019
57

Медицина қызметкерлері спартакиадада жарысты

Медицина қызметкерлері күніне орай П.Атоян атындағы стадионда «Дені сау дəрігер – дені сау пациент!» ұранымен медицина қызметкерлерінің облыстық спартакиадасы өтті. Спорттық шараны облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «БҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС жəне «Жас қанат» ЖҚБ ұйымдастырды.

Денсаулық саласының қызметкерлері салауатты өмір салтын белсенді насихаттап қана қоймай, оны іс жүзінде көрсетуді игі дəстүрге айналдырған. Облыстық медицина ұйымдарының 500-ден астам медицина қызметкері қатысқан спорттық додада командалар жеңіл атлетика, шағын футбол, волейбол, арқан тарту, асық ату, дартс секілді спорт түрлерінен жарысты.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды көп бейінді қалалық аурухана, ІІ орынды қалалық жедел медициналық жəрдем станциясы, ІІІ орынды Бөрлі аудандық ауруханасы командалары иеленді. Жарыс жеңімпаздары дипломдар, кубоктар, медальдармен жəне естелік сыйлықтармен марапатталды.

Медициналық қызметкерлердің облыстық спартакиадасы аясында спорттық жарыстардан басқа қатысушылар мен жанкүйерлер арасында екі аталым бойынша байқау өткізіліп, Теректі аудандық ауруханасы «Жеңіске деген жігері үшін», Шыңғырлау аудандық ауруханасы «Ең үздік жанкүйер» аталымына ие болды.