26 Маусым 2019
115

«Айбын» республикалық жиынынан өңір жастары бас жүлдемен оралды

Қарағанды облысының Спасск қаласында 17-22 маусым аралығында өткен «Айбын» республикалық əскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан өңіріміздің жастары жүлдемен оралды.

Оларды теміржол бекетінен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыстық білім басқармасының өкілдері жəне ата-аналары қарсы алды.

– Облысымыздың намысын қорғаған «Жігер» əскери-патриоттық клубының құрамында 442 жас бар. Солардың ішінен іріктеп, жарысқа 15 ұл-қызды алып бардық. Олар өздеріне артылған сенімді ақтай алды. Арқан тартудан, əскерилендірілген эстафетадан, ұлттық спорт түрі асық атудан, газқағарды жəне плащ түріндегі əскери қорғаныс жиынтығын киюден бірінші орын алдық. Қалған жарыстарда да жақсы нəтижеге қол жеткіздік. Өткен жылы дəл осы додада екінші орын алған едік. Биылғы жарысқа 17 команда қатысты. Солардан оқ бойы озық шығып, Батыс Қазақстан облысының командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды, - дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Эльдар Шынғалиев.

Жеңімпаздарды қарсы алу барысында БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Марат Есенов жастарды жеңіспен оралуларымен құттықтап, кубок пен велосипедтер табыстады, команда жетекшілерін алғысхаттармен марапаттады.

– Мен əскери кростан сынға түсіп, екінші орын алдым. Жарыс өте тартысты болды. Əр өңірден келген қатысушылар жақсы дайындалған. Облысымыздың намысын бермес үшін бар күш-жігерімді салдым, - дейді «Жігер» əскери-патриоттық клубының мүшесі Асылхан Аманкелді.