28 Маусым 2019
46

Ашық алаңқайдағы ақжарма кездесу

Батыс Қазақстан облысы əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Атамекен» лагерінде демалып жатқан балалармен кездесті. Лагерь аумағына ағаш отырғызу акциясынан бастау алған жүздесу алаңқайдағы ашық форматты əңгіме түрінде, емін-еркін қалыпта өтті.

Сұхбат алаңына жиналған жас балғындардан Ғабидолла Абдоллаұлы жазғы демалыстың ұйымдастырылу деңгейіне қатысты ойлары мен болашаққа қатысты арман-мақсаттары жайында сұрап, олардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Рухани жаңғыру» – қазіргі қоғам дамуының негізі» атты тақырыпты арқау еткен кездесу барысында балалар сан қилы сұрақ қойып, əңгіме-дүкенге белсенді атсалысты.

– Сендердің орталарыңа бүгінгі жас буынның ой-мақсатын бағамдап, қай бағытта жұмысты жандандыру, қандай мəселеге баса мəн беру қажеттігіне көз жеткізу мақсатымен келіп отырмын. Сендермен əңгімелесу арқылы еліміздің болашағын қалай елестететіндеріңді, ересектер тарапынан қандай қолдау, нендей қадам күтетіндеріңді білсем деймін, – деп бастады шараны Ғабидолла Абдоллаұлы.

Ортаға ортақ сауал тасталып, «Адам өміріндегі басты құндылықтарға не жатады?» деген сұраққа əрбір бала өз ой-пікірін білдірді. Өмірдің мəні, басты құндылықтар туралы сауалға жауап берген облыс əкімінің орынбасары: «Өмірде сəтсіздікке ұшыраған жанның салы суға кетпеуі тиіс. Қазірдің өзінде қандай да бір қиын жағдайға тап болдым десең, өзіңнің жалғыз еместігіңді, саған əрқашан қолдау білдіруге əзір қоғам, ортаң, отбасың бар екендігін есіңнен шығармауың керек. Сондай-ақ кез келген мəселенің шешімі болатынын ұмытпау қажет. Қиындықтан, ортаңнан алшақтап, алысқа кету де мəселенің шешімі емес. Жалпы, керемет өмір шетелде деген – қате түсінік. Өз басым «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша екі жыл жарым Ұлыбританияда білім алып, сол жақта өмір сүрдім. Көзбен көріп, көңілге түйгеніме сүйеніп, екі елді салыстырып көргенмін. Біздің елімізде отбасы құндылығы, ар-ождан деген қасиеттер басты орынға қойылады. Ал ол жақта бір жынысты неке көп, мұндай ессіздік ертеңгі күні тұтастай ұлтты құртатындығы туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Дамыған елдің бағыт-бағдары жөн деген соқыр сеніммен барлығына бірдей еліктеудің қажеті жоқ. Мұндай теріс трендтер салдарынан өзіңнің адамдық келбетіңді ғана емес, ұлтыңды да жоясың», – деген ойымен бөлісті.

Сондай-ақ Ғабидолла Абдоллаұлы адам баласының басты құндылығының бірі – достық жайлы əңгімелеп, ең мығым əрі ең сенімді қарым-қатынас саналатын мектеп қабырғасынан бастау алған достықты бағалауға шақырды. Жастарға өз пікірлерін ашық айтудан, кез келген мəселеге қатысты өзіндік ой қалыптастырудан қорықпау қажеттігі айтылып, ой-пікір еркіндігін қалыптастыру мақсатында қазіргі жастар, əсіресе, жоғары сынып оқушылары арасында пікірталас турнирлерін ұйымдастыру, əрбір мектепте сыни ойлау сабақтарын жүргізу қажеттігі туралы ұсыныс тасталды.

«Жуырда Орал қаласындағы «Uralsk runners» жүгіру клубының бастамасымен жүгіру жолағына қаражат жинау бастамасы көтеріліп, челлендж жариялады. Осы мəселеге облыс басшылығы мен өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?» деген сауалға Ғабидолла Оспанқұлов: «Əкімдік тарапынан қолдау тауып отырған бұл бастамаға осы қаланың тұрғыны жəне салауатты өмір салтын ұстанушы азамат ретінде мен де өз үлесімді қосамын. Бұл – жүгіру жолағын салуға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбей отыр деген сөз емес. Басты мақсат – ел ішінде атқарылып жатқан істерге азаматтар тарапынан жанашырлықты арттыру. Мемлекет қаражатына салынған спорттық алаңқайлар мен нысандарға жанашырлық жетіспей жатады қазіргі таңда, вандализм əрекеттері көптеп байқалады. Ал аталмыш жобаға өз қаражатын аударып, титтей де болсын үлес қосқан адам жасалған жұмысқа жанашырлықпен қарайтын болады. Тер төгіп тапқан ақшасына салынған нысанды көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, өзгелерді де соған үндейтін болады», – деп жауап берді. – Қытай халқында «Өмір сүру, білім алу жəне өзіңді жетілдіру ағысы қатты өзенге қарсы жүзгенмен тең. Егер бір сəтке тоқтап қалсаң, қатты ағыс артқа алып кетеді» деген керемет даналық сөзі бар. Сол себепті білім алып, өздеріңді жетілдіруден, қоршаған əлемді танып, ой түюден шаршамаңдар. Бүгінгі ұрпақ жан-жақты білімді болса, еліміздің болашағы жарқын, алар асуы биік болары анық. Қандай мамандық иесі болатындықтарың туралы сұраған сəтте сан қилы кəсіп иелерін атағандарыңа шынайы қуанып қалдым. Демек, сендер елдің дамуы үшін əр салаға үлес қосатын əртүрлі мамандық иесі керектігін ұғына білесіңдер, маңызды мəселеде біржақты ойлау, бəрің бірдей бір бағытты таңдау жөн еместігінен хабардарсыңдар деген сөз, – деген Ғабидолла Абдоллаұлы кездесу соңында балалармен бірге «Атамекен» лагерінің əнұранын шырқады. Лагерь демалушылары облыс əкімінің орынбасарына өздерінің «Рухани жаңғыру» тақырыбына жазған эсселер жиынтығын сыйға тартты.

 

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов