30 Маусым 2019
91

Шыңғырлаудағы жолдың күрделі жөндеу жұмысы биыл аяқталады

Облыс əкімі Ғали Нəжімеденұлы Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау-Лубен-Сегізсай автожолының 0-12 шақырымындағы орташа жөндеу, 0-104 шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы өңір басшысына мердігер компания – «АСФА» ЖШС директоры Иван Енютин баяндады. Оның айтуынша, былтыр басталған жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жобалық құны 651 млн. теңге болатын жол жөндеу жұмысы биылғы қазан айында аяқталады деп күтілуде. Нəтижесінде ені 7 метр болатын жол арқылы ауылдар арасындағы байланыс қысы-жазы үзілмейді.

Автожолдармен қатар аудан орталығындағы ауылішілік жолдардың да сапасын жақсартуға баса мəн берілуде. Осы бағытта Шыңғырлау ауданының орталығындағы Қылышев жəне Тəуелсіздік көшелеріне жол салу жұмысы туралы «Айдана» ЖШС-ның учаске басшысы Вазген Жанхарян баяндады. Облыс басшысы елді мекен дамуының басты индикаторы саналатын жол құрылысы жұмыстарына қоғамдық кеңестер тарапынан бақылау мен техникалық қадағалау жұмыстарын күшейтіп, жобалық-сметалық құжаттарды жасақтау барысында салынатын жолдың ені мен қалыңдығының талапқа сай болуына баса мəн беріп, жергілікті жердің материалдарын сатып алуды тапсырды.