01 Шiлде 2019
42

«Əр ауданның бес жылды қамтитын даму жоспары жасалуы керек»

Бөрлі ауданына барған өңір басшысы Ғали Есқалиев Ақсай қаласының даму жоспарымен танысты.

Қаланың даму барысы мен ағымдағы атқарылып жатқан ауқымды істер туралы Ақсай қаласының əкімі Амангелді Тоғызбаев есеп берді. Баяндама желісімен танысқан облыс əкімі қаланың даму жоспарын облыс бойынша жасақталған жоспармен сəйкестендіруді, сондай-ақ қолға алынған жобалар туралы көп сөзділіктен арылып, атқарылатын істің атауы мен жүзеге асырылу жолдарын, қажетті қаражат көлемі мен қаржыландыру көзін міндетті түрде көрсету қажеттігін тапсырды.

Бөрлі аудандық əкімдігінде өткен актив жиналысында аудан əкімі Санжар Əлиев есептік баяндамасын таныстырды. Оның мəлімдеуінше, аудан аумағында бүгінде 56 179 адам тұрады. Оның ішінде 32 310 адам экономикалық белсенділер санатына жатады. «Аудан 13 ауылдық округке жəне Ақсай қаласына бөлінеді. Өнеркəсіп өндірісінің көлемі – 904 млрд. теңге, физикалық индекс көлемі – 95,9 пайыз. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 1,8 млрд. теңге, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 пайыз өсім байқалады. Негізгі капиталға инвестиция 108 млрд. 900 млн. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 99%-ға өскен. Мемлекеттік бюджетке түсімдер жəне басқа да төлемдер – 130 млрд. теңге, былтырғы көрсеткіштен 219%-ға артық. Кəсіпкерлік саласында аудан бойынша 4 713 шағын жəне орта бизнес субъектісі тіркелген, нақты жұмыстанып жатқаны – 3 889 немесе 82,4 пайызы. Сондай-ақ аудан аумағында «ҚПО б.в.», «Ақсайгазсервис», «Конденсат», «Қазбургаз», «Ақсайавтотранс», «Ақсайжолқуат», «Сайпем» секілді жеті ірі кəсіпорын жұмыстануда. Білім саласына келер болсақ, ауданда 25 мектеп бар. Денсаулық саласында 1 аурухана, 1 емхана, 7 отбасылық дəрігерлік амбулатория, 3 медпункт, 13 дəрігерлік амбулаториялық пункт, сонымен қатар «Медикер», «Амбуланс» секілді жеке емханалар ел игілігі үшін жұмыстануда. Қазіргі сəтте гинеколог, окулист, отоларинголог, эндокринолог, рентгенолог, невропатолог мамандығы бойынша медициналық қызметкерлерге зəруміз», - деп баяндады Санжар Жұматайұлы.

Отырыс барысында облыс əкімі Бөрлі ауданы бойынша өзінің қоғамдық өкілі Роберт Сүйербаевты таныстырды. Роберт Хамитұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, кезінде Шыңғырлау аудандық халықтық депутаттар кеңесінің төрағасы, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, облыс əкімінің орынбасары жəне аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы секілді жауапты қызметтерді атқарған. Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес инфрақұрылымы қарқынды даму үстіндегі аудан аумағында жаңа жұмыс орындарын ашуды арттыру қажеттігін айтты.

«Шетелдік ірі компаниялар көптеп шоғырланған, тұрғындарының тұрмыс деңгейі айтарлықтай жоғары бұл қалада бизнесті жандандыруға мүмкіндік мол. Халықтың сұранысына ие, десе де белгілі бір себептермен мемлекеттік бюджет тарапынан қаржы бөлінбей жатқан жобаларды мемлекеттікжекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды күшейту керек. Келешекте əрбір аудан əкімінің қызмет деңгейін бизнеске жайлы орта құра білу қабілетіне жəне мемлекеттік бюджет қаражатын тиімді игере білуіне қарай бағалайтын боламын. Сондай-ақ əр ауданның бес жылды қамтитын даму жоспары жасалуы керек», - деді Ғали Есқалиев.

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов