10 Шiлде 2019
122

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды

Жұмыс сапарымен Сырым ауданына барған өңір басшысы алдымен ауданның орталығы Жымпитыда «Жібек жолы» автокешенінің салтанатты ашылуына қатысты.

 

 

Аталмыш автокешен Самара-Шымкент халықаралық магистралінің бойында орналасқан, ішінде жолаушыға қажетті барлық қызмет түрі көрсетіледі. Кешенде 84 адамға арналған кафе, 16 бөлмелі қонақүй және де кешеннің ауласында 100 жүк машинасына арналған қорғалатын тұрақ бар.


- Жол бойындағы бизнесті дамыту, бәсекелестікті арттырудың маңызы өте жоғары. Себебі осы сала арқылы жүк тасымалын арттырып, қосымша жұмыс орындарын аша аламыз. Елбасы жүктеген тапсырмалардың ішінде республикалық маңызы бар автожолдардың бойында инфақұрылымды дамыту көзделген. Міне, бүгін біз Жымпитыда нақты мысал көріп отырмыз. Облыстың жолдарымен 500 мың көлік өтеді. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, экономиканың дамуына септігін тигізуіміз керек,- деді Ғали Есқалиев.


Сонымен қатар өңір басшысы Жымпиты ауылындағы үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Үй салынып болған соң, үй кезегінде тұрған 36 отбасы тұрғын үймен қамтылатын болады. Оның ішінде 18 көп балалы жанұя қатарына жатады. Сондай-ақ, облыс әкімі Кеңащы жер асты су кен орнынан ауыз су тарту жүйесінің құрылысының жобасымен танысты. Жоба аяқталған соң, 7 елді- мекенде тұратын 10000 астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Сапар барысында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Жиында ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімінің Сырым ауданындағы қоғамдық өкілі болып еңбек ардагері Есберген Әжібаев. Одан соң облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады.