03 Шiлде 2019
280

Оралда еңбек ардагерінің кітабы таныстырылды

Оралдағы Достық үйінде «Зымырап жатқан заман-ай» кітабының таныстырылымы өтті.

Кітап авторы – кезінде «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығының қызметкері» атағын алған, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Есет Ғабдуллин. Еңбек ардагері кітабында өзінің жүріп өткен өмір жолы, өнеге алып, үлгі тұтқан аға-апалары, замандастары, шаруашылық жайы, заман құбылыстары туралы сыр шертеді.

-Құрметті Есет Қабдоллаұлы, сізді облыс əкімінің жəне Жайық жұртшылығының атынан мерейлі 80 жасыңызбен құттықтаймын! Сіз еңбек жолыңызды Орда өңірінде қарапайым механизатор болып бастадыңыз. Уақытпен санаспай еңбек еттіңіз. Ферма меңгерушісі болдыңыз. Алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрдыңыз. Барлық қызметте де жақсы табысқа қол жеткіздіңіз. Осынау еңбектеріңіз мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Бүгінде ісіңізді балаларыңыз жалғастыруда. Бұл да үлкен бақыт,- деді жиынды ашқан облыс əкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Мерейтой иесі – Нарын құмының перзенті, Бөкей ордасының құрметті азаматы. Соған орай шара барысында аталған аудан əкімінің құттықтау хаты оқылып, естелік сыйлығы да табысталды. БҚО əкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетовтің айтуынша, елге еңбегі сіңген жандар ешқашан елеусіз қалмайды. «Еліміздегі өзге ұлт өкілдері секілді, мемлекет құраушы қазақ халқының да елеулі азаматтарын назарымыздан тыс қалдырмауға тырысамыз. Бүгінгі ұйымдастырып отырған шарамыз - соның бір дəлелі. Есет Ғабдуллин ағамыз қандай да құрметке лайық»,- деді М.Қамбетов.

 

Содан соң өңірімізге танымал еңбек ардагерлері Əділғазы Нұрғалиев, Нұрлан Ізтілеуов, ғалым Тілекжан Рысқалиев, ардагер журналист Тихон Əліпқали, БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов сынды мерейгердің достары, əріптестері, інілері лебіздерін білдірді.

 

суретке түсірген Рафхат Халелов