06 Шiлде 2019
202

"Еліме саяхат" жобасы жастарға туған жерді тануға үлкен мүмкіндік берді

Елбасының " Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдармалық мақаласы аясында біздің облысымызда "Еліме саяхат" жобасы жүргізіліп келеді.

Өңір жастары осы жоба аясында Ақмола облысы, Бурабай ауданына барып қайттық. Жалпы жобаның мақсаты - тарихымызбен танысу, рухани-мəдени мұрамызды бойымызға сіңіру жəне Қазақстанның сакралды орындарын кеңінен тану. Осы сапарға шығуымызға "Жас Қанат" Жастар қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті. Ақжайық жастары "Еліме саяхат" жобасы аясында жер шоқтығы атанған көрікті Көкшетаудың ең бір əсем, жанға шипалы өңіріне ат басын тіредік. Біздің құрам облысымыздың 11 ең белсенді жасынан тұрды. Олар "Nur Otan" партиясы жанындағы "Жас Отан" ЖҚ-ның студенттері, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жəне "07 live" жастар каналының операторлары. Қарағайлы, қайыңды орман, Көкшенің шоқылары, аңыз болған Жұмбақтас ерекше сипат береді. Біздің естуіміз бойынша Бурабай демалыс орны 1810 жылдан мəлім бола бастаған. 1910 жылы қымызбен емдеу-сауықтыру орны ашылған. 1920 жылдан мемлекеттік маңызы бар демалыс орнына Бурабай көлі – географиялық атау берілсе, мұндағы сауықтыру орны Бурабай курорты деп аталады. Бурабай десе бəріміздің ойымызға алдымен Жұмбақтас пен Оқжетпес келеді. Бұл екі тас белгісінің өзіндік аңызы бар. Біз ең алдымен Жұмбақтасқа баруды жөн көрдік. Жұмбақтас – Бурабайдағы ең танымал көрнекті орынның бірі. Адамның қиялына байланысты, Жұмбақтас əр түрлі кейіпке енеді екен. Осы Бурабайға саяхат арқылы үлкен əсер алдық жəне еліміз тарихи жерлерге толы екеніне көз жеткіздік.