07 Шiлде 2019
39

Перзентханада «Қасиетті домбыра» акциясы өтті

Облыстық перинатальды орталықта халық дəстүрін дəріптеу, өнер жолында ұрпақ сабақтасығын нығайту мақсатында «Қасиетті домбыра» акциясы өтті.

Ұлттық домбыра күні дүниеге сəби əкелген он бес анаға облыстық ассамблея өкілдері қазақ саз аспабын табыстады. – Елбасының жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Домбыра күні болып белгіленді. Биыл бұл мереке екінші мəрте аталып өтуде. Соған байланысты Ассамблея атынан домбыра табыстауды дəстүрге ұластырмақпыз. Жарық дүниеге сəби əкелу, ана бақытын сезіну – зор нығмет. Балалар ұлттық құндылықтардың қадірін жете тануы керек. Сондықтан нəрестеге берілген алғашқы сыйлық домбыра болсын деп, жақсылыққа балап, дəстүрге сай ырымдап беріп отырмыз. Домбыра үнін құлағына сіңіріп өскен өрендердің арасынан дəулескер күйші, талантты əнші, ел арқасүйер азаматтар көп шықса, біз қуанамыз. Сəбилердің бауы берік болсын! – деді БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

Аналарды құттықтай келген делегация құрамында этномəдени бірлестік төрағалары, кəсіпкерлер, өнерпаздар болды.

Олар да қуаныш иелеріне ілтипат көрсетіп, құттықтау хат пен домбыра, гүл шоқтарын табыстады. Делегациямен бірге келген екі өрен күй тартты.

 

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали