07 Шiлде 2019
48

Оралда электронды домбыра таныстырылды

Ұлттық домбыра күні Орал қаласындағы Қадыр ақын ескерткіші алдында мерекелік шара өтті. Оған белгілі өнер саласының ардагерлері, жергілікті əнші-күйшілер қатысты.

– Жайық өңірі – дəулескер күйшілер туған жер. Ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өту, бабаларымыздың ұлы мұрасын ұрпаққа насихаттау – басты мақсат. Былтыр күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының ізімен Ресейдің көршілес өңіріне танымдық экспедиция ұйымдастырып, жаңа деректер жинадық. Жəне Құрманғазы баба мерейтойына байланысты Орал қаласында бір мезетте 1700-ге жуық үлкен-кіші өнерпаз күй тартқаны көптің есінде. Қазақтың қара домбырасы – ұлттық брендіміз. Домбыраны насихаттауға арналған ауқымды шаралар биыл да жалғасады. Биылғы шілде айының өзінде жергілікті өнерпаздар Австрияға барып, қазақтың əн-күйін əуелетіп, ұлттық саз аспаптарының үнін танытып келді, – деді шарада облыстық мəдениет, архив жəне құжаттамалар басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. Кейін «Күйшілер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев белгілі домбырашылар Өтеген Жұмашев, Ермек Қазиев, Ұлмекен Батыроваға одақ атынан құрмет грамотасын жəне мүшелік билетін табыстады.

Ақын ескерткіші алдында өткен шарадан соң, Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығында «Күйшілер» бөлмесі ашылды. Бөлменің ашылу салтанатына байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген мəдениет қызметкері Ермек Қазиев пен облыстық мəдениет, архив жəне құжаттамалар басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев лентаны қиды. Бөлмеде жергілікті қолөнер шеберлері жасаған домбыралар қойылған əйнек сөре бар. Қабырғаға домбыра құрылысы туралы көрнекі сурет салынған тақтай ілінген. Кейбір тақтайға Ақ Жайық өңірінен шыққан күйшілер туралы мəліметтер жинақталған жəне аспап тарихына байланысты ерекше оқиғалар жөнінде жазылған. «Күйшілер» бөлмесіндегі ең ерекшесі – облыстық балалар техникалық-шығармашылық орталығының маманы Марс Мақсот жасаған электронды домбыра. Асқар Кенжеғалиевтің идеясымен жаңа аспап бір аптаның ішінде дайын болыпты. Қабырғаға тігінен бекітілген домбыра mp3 форматында жазылған күйлер əуенін орындайды. Оның ішегін шерткенде, күй сарыны өзгеріп отырады. Домбыраны іске қосқанда Bluetooth мүмкіндігін пайдалануға болады. Шебер алдағы уақытта ұлттық аспаптың техникалық ерекшелігін, безендірілуін жетілдірмек.

Келген қауым күйшілер бөлмесімен танысқан соң, өнер орталығының концерт залына барды. Залдағы шарада одақ атынан марапаттау жалғасып, жергілікті домбырашылар күй орынады.

 

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали