10 Шiлде 2019
67

Атыраулық өнерпаз Ғарифолла Құрманғалиевке əн арнайды

Оралда Қазақстанның халық əртісі, дүлдүл əнші, композитор Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына байланысты мəдени-көпшілік шаралар өтуде.

Облыстық халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Дəстүрлі əншіліктің дарабозы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған облыс əкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, əншінің ұрпағы мен көзін көрген аға буын өкілдері жəне жас өнерпаздар қатысты. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан қалаларынан əншінің мұрасын насихаттап жүрген шəкірттері, елімізге танымал өнер адамдары, мəдениет қайраткерлері арнайы келді. Делегация құрамы ақын Қадыр Мырза Əли ескерткіші алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Достық үйінде бас қосқан қауымға облыстық мəдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев даусы ғажап, дарыны ерен дарабоз даңқына арналған іс-шаралар барысымен таныстырды. Облыс əкімінің орынбасары Миржан Сатқанов сөз алды.

– Ғарифолла Құрманғалиевтің дауыс диапазоны кең, азаматтық келбеті ерен еді. Атадан балаға мирас болған өнер керуеніне даңғыл жол ашты. Ғарекеңе арналған іс-шаралар облыс көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Əншінің туған жері – Қаратөбе ауданында «Жез таңдай, күміс көмей əн дүлдүлі» ІV республикалық байқауы өтеді. Оған 22 үміткер қатыспақ. Жас өнерпаздарға сəттілік тілейміз, - деді Миржан Сатқанов. Басқосуда сөйлеген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, ҚР Халық əртісі Қажыбек Бекбосын 1965 жылы Алматыда Ғарифолла Құрманғалиевтің шəкірті атанғанын, содан бері өмір бойына өнер айдынында ұстаздық қылған танымал тұлғаға тəнті екенін айтты. – «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», «Өтірік мақтау сыртыңнан оқтау болады», «Маңдай теріңді төгіп еңбек ет», «Артыңнан өсек ергені – өнеріңнің өскені», «Халық – дария, сен – аққу, тұяғыңды көрсетпей жүз» деп айтқан інжу-маржан нақылдарды ешкімнен естімедім. Ғарекең шəкірттерін осылай адалдыққа тəрбиеледі, туралыққа жол көрсетті. Өнер халқымен мəңгі жасайды, ұлт тірі тұрғанда, аяулы перзентін ұмытпайды, - деді Қажыбек Бекбосын.

Атыраудан келген ҚР Мəдениет қайраткері, əнші Гүлмайдан Сүндетова бала күннен патефоннан Ғарифолла əндерін тыңдап өскенін, бірақ кейін композитордың алдынан дəріс алатынын мүлдем ойына алмаған бақыт екенін тілге тиек етті. Ол ұстазының сахна мəдениетіне баулығанын, көпшілік алдында жарқырай өнер көрсетуге тəрбиелегенін, ақыл-кеңесін жайдары қалыппен, əзіл-қалжыңмен астастыра жеткізетінін əңгімеледі. Гүлмайдан Сүндетова бүгін Қаратөбе ауданында өтетін шарада сөзін ақын Асантемір Қаршыға жазған, ұстазына деген сағыныш сезімінен туған авторлық əнін орындағалы отырғанын хабарлады. Дөңгелек үстелде Ақтөбеден келген əнші-термеші, «Мəдениет майталманы» белгісінің иегері Хайдар Өтеғалиев, Нұр-Сұлтандағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, ғылыми өнер кандидаты, музыка зерттеуші, Ғ.Құрманғалиевтің немересі Меруерт Құрманғалиева, ҚР еңбек сіңірген əртісі Қапаш Құлышова, жерлесіміз, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның əншісі Сəуле Таудаева сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Мəжіліс соңы Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығында «Əн – ұрпаққа аманат» фестиваліне ұласты. Фестивальде Қазақстанның халық əртісі Ғ.Құрманғалиевтің шəкірттері мен өнер қайраткерлері əн шырқады.