10 Шiлде 2019
55

Оралда «Əн – ұрпаққа аманат» атты фестиваль өтт

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығының амфитеатрында Қазақстанның Халық əртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шəкірттері мен өнер қайраткерлерінің «Əн – ұрпаққа аманат» атты фестивалі өтті.

Фестиваль əнші-композитор Ғ.Құрманғалиевтің өнері мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнефильммен басталды. Тума таланттың 110 жылдығына арналған əн кешіне Ғ.Құрманғалиевтің ұрпақтары, экономика ғылымдарының докторы, академик, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, ұлы Санат Құрманғалиев, келіні Лайля Қабылқариқызы, өнертанушы-ғалым, немересі Меруерт Санатқызы жəне бүгінде ұстаздан үйренген тəлім-тəрбиені кейінгі буынға үйретіп, өнер шамшырағын жарқырата түскен бір топ төл шəкірті қатысты. Көрермен дəстүрлі əншілер Қапаш Құлышованың, Гүлмайдан Сүндетованың, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайрат Кəкімовтың, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Ербол Айтбаевтың, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, əнші-термеші Қажыбек Бекбосынның, ақтөбелік əнші-термеші Хайдар Өтеғалиевтің, М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының дəстүрлі əншісі Бауыржан Сатыбалдиннің орындауындағы əндер мен термелерді ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның əншілері Сəуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов Мұхиттың «Үлкен Айдайы», Күлəш Қуанышқалиева орындаған Нұртуғанның «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесі жəне Серік Абдрахмановтың орындауындағы халық əні «Балжаны» жəне өзгелерінің өнері жүректерге жылы əсер етті. Көрермен аспандағы аққуға үн қосқан дүлдүлдің «əннің қасиет-құдіретіне кіріп, оны өзіңнің жүрегіңмен халыққа түсіндіріп, шындығыңмен берсең, сонда халыққа ұнайды ғой деп ойлаймын» деп өнерді аманаттаған дауысын тыңдады. Фестивальде облыстық мəдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев көпшілікті ХХ ғасырдағы қазақ мəдениетінің ерен құбылысы Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына орай өңірімізде ұйымдастырылған шаралар жоспарымен таныстырып, əншінің əнін орындайтын ізбасарлары, сол əндерді сүйсініп тыңдайтын көрермені бар да ұлы əншінің аты өшпейтінін айтты. Сондай-ақ алыстан ат арытып келген төл шəкірттеріне алғыс айтып, оларға облыс əкімінің алғыс хатын табыс етті.