10 Шiлде 2019
138

Австриямен ынтымақтастық нығая түспек

Батыс Қазақстан облысының делегациясы 2 шілде күні жоғарғы Австрия федералдық жеріне жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Орал қаласы əкімінің орынбасары Б.Нарымбетов Велс қаласының бургомистрі Андреас Рабльмен кездесіп, екі қала арасында серіктестік қарым-қатынас орнату мəселесін талқылады. Тараптар екіжақты байланыстың дамуы туралы пікір алмасып, нақты жобалар туралы бағыттарды талқылады. Кездесуде Орал мен Велс қалалары арасында экономика, білім, туризм жəне тағы басқа салаларда əріптестік жайы қозғалып, мəдени байланыстардың дамуына да ерекше көңіл аударылды.

Жоғары Австрия экономикалық жағынан дамыған үш федералдық өңірдің бірі. Оның үлесіне елдің ЖІӨ-нің 17% тиесілі. Өңірдің жалпы өнімі – өңдеу өнеркəсібі, машина жасау, эко-энергетика. Велс қаласында жыл сайын өтетін халықаралық жəрмеңкеге əлемнің мықты кəсіпкерлері қатысады. Жəрмеңке Еуропаның маңызды коммерциялық шаралары қатарына кіреді.

Қазақстандық делегация федералдық жердің инвестициялық əлеуетімен жəне Аустрияның «жасыл» экономикасының бірқатар жетекші өндірісімен танысты. Атап айтқанда, Велс қаласында орналасқан «Fronius» кəсіпорнының штаб пəтеріне барды. Компания əзірлейтін жəне қолданатын инновациялық технологиялар австриялық өнеркəсіптің жоғары даму деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар делегация «Fachhochschule» жоғары арнайы оқу орнымен, робототехника жəне автоматтандыру саласындағы оқу бағдарламаларымен, олардың ауыл шаруашылығында қолданылуымен танысты. Екі тарап жоғары оқу орындардың арасында ынтымақтастықты орнату туралы талқылады.

Сапар соңында «Қазақстанның інжулері - Ұлы Дала сарыны» жобасы аясында «Орал сазы» фольклорлық ансамблі мен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияның «Салтанат» би тобы өнер көрсетті.

Кешкежоғарғы Австрия федералдық жерінің саяси, іскерлік жəне мəдени топтарының өкілдері қатысты.