10 Шiлде 2019
135

БҚО-да Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған дəстүрлі əншілер байқауы өтуде

Бүгін Қаратөбе ауданында Қазақстанның халық əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, əнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ІV республикалық «Жезтаңдай, күміс көмей əн дүлдүлі» атты дəстүрлі əншілер байқауы басталды. Байқаудың ашылу салтанатына облыс əкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, құттықтады.

Айтулы шараға арнайы шақырылған дарынды əншінің ұрпақтарын, белгілі өнер адамдары мен қонақтарды, байқауға қатысушы үміткерлерді аудан орталығына кіреберістен аудан əкімінің орынбасары Жасұлан Кəрелұлы бастаған топ қарсылап, құрмет көрсетті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шара орталық саябақтағы Ғ.Құрманғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, дарынды əншінің рухына тағзым етуден басталды. Аудандық мəдениет үйінде өткен байқаудың ашылуында алдымен қайталанбас өнер иесі Ғ.Құрманғалиевтің өмірі мен шығармашылығы жайында бейнекөрсетілім көрермен назарына ұсынылды.

Облыс əкімі Ғали Есқалиев байқау қонақтары мен республикалық əн байқауының қатысушыларына сəттілік тілеп, əн мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін жеткізді.

Дəстүрлі əн мектебінің ұлы көшін үзбей келер ұрпаққа насихаттап өнер əлемінде жаңа таланттарды табу мақсатында өтіп жатқан байқауға еліміздің əр аймағынан 22 өнерпаз қатысып, бақ сынауда.

Екі кезеңнен тұратын əн байқауында ҚР Халық əртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, əнші-термеші Қажыбек Бекбосын бастаған қазылар алқасы үміткерлер өнеріне баға беруде.