10 Шiлде 2019
174

Халық қалаулылары Теректіде

Теректі ауданына ҚР Парламент Мəжілісінің депутаттары Арман Қожахметов пен Қанат Мусин келді.

Депутаттар іссапарын Пойма ауылында орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС май өңдеу зауытынан бастады. Елорда төрінен келген меймандарды зауыттың жұмыс үрдісімен таныстырған директор Ақылбек Сармалаев күнбағыс тұқымының қайта өңделетінін айтты. Содан соң депутаттарға тазартылмаған жəне тазартылған күнбағыс майларының айырмашылығын көрсетіп, былтыр 235,4 тонна май мен 422,15 тонна күнжара өндірілгенін, 50 тонна майдың Өзбекстанға экспортталғанын мəлімдеді. -Зауытта маймен қатар ұн да өндіреміз. Біздің табиғи өнімдеріміз көршілес Ресейде сұранысқа ие. Алты жыл бойы ұн мен күнбағыс майын Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов қалаларына, Өзбекстан мен Тəжікстан елдеріне экспорттадық. Тек шетелге тауар шығарғанда, құжат толтыру мəселесі қинайды. Əр вагонға əртүрлі құжат керек. Осындай қағазбастылықтан айырылсақ, бəрі тамаша болар еді, - деді Ақылбек Абзалұлы.

Май зауытының жұмысы мен жетістіктеріне көңілі толған Қанат Сергейұлы аталмыш өнімдерді еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға да жеткізу қажеттігіне тоқталды. Халық қалаулылары Пойма ауылынан соң ат басын Ақсуат ауылдық округіне бұрды. Ақсуат ауылына кіре беріс жолдың күрделі жөндеуден өтіп жатқанына куə болған қос депутат мердігер «Тоби» ЖШС директорының орынбасары Асыланбек Рахметовке сұрақтарын қойды. Жол жөндеумен 2002 жылдан бері айналысып келе жатқан Асыланбек Меңдіғалиұлы барлық техникалардың талапқа сай екенін, ешқандай мəселенің жоқтығын, 2443 метр жолды жөндеп, халыққа уақытында ұсынатындарын жеткізді. Осы сəтте аудан əкімі Əділ Тауфикұлы Теректі өңірі бойынша жолдың 5%-ы жақсы, 47 %-ы қанағаттанарлық, 48%-ы өте нашар деп бағаланғанын айтты.

Ауданның ең басты күрмеуі шешілмеген мəселесіне қаныққан қонақтар күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған Ақсуат мектебін де назардан тыс қалдырмады. 1984 жылы салынып, ешқандай жөндеу көрмеген мектепте 309 оқушының екі ауысыммен оқитынын айтқан аудан басшысы Əділ Жоламанов халық көп шоғырланған округтегі мектептің жағдайын жақсартуды қолға алғанын баяндады. Кезек аудан орталығы Федоров ауылына да келді. Депутаттар «Альтаир» ЖШС салған 36 пəтерлік тұрғын үйді, «Ақ желкен» балабақшасы мен былтыр жөндеуден өткен аудандық аурухананы аралап, тұрғындармен сұхбаттасып, хал-жағдайларымен танысты.

 

суретке түсірген Исламгүл Шалабаева