11 Шiлде 2019
171

Арыстық балалар Оралда демалуда

Орал қаласындағы «Дарын» қосымша білім орталығында «Үш тұғырлы тіл» жазғы мəденитанымдық ауысымы жұмысын бастады. Онда Арыс қаласының 50 оқушысы, Ресейдің Самар облысындағы «Ақ жол» аймақтық қазақ ұлттық-мəдени автономиясы қоғамдық ұйымынан 15 шақты оқушы мен өз өңіріміздің оқушыларын қосқанда жалпы саны 105 оқушы демалуда.

Шараны ашқан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Ғабдушев мұндағы демалыстың бағдарламасына тоқталып өтті. Оның сөзінше, 10 күндік демалыстың бағдарламасы, негізінен, мəдени-танымдық іс-шараларға бағытталған. Балалардың тіл үйренуге деген ынта-ниетін арттыру бойынша танымдық сабақтар, спорттық ойындармен қатар жалпы рухани құндылықтарға баулып, тəрбиелеу басты назарға алынбақ.

Шарада сөз алған Орал қаласы əкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы ахуалға ерекше көңіл бөлуде. Соның ішінде балалардың жазғы демалысының ойдағыдай өтуі басты назарда тұр. Облыс əкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасына сай бүгінгідей іс-шара ұйымдастырылып отыр. Өзге оқушылармен қатар, арыстық балалар Ақ Жайықтың таңғажайып табиғаты аясында өте жақсы демалады деген сенімдеміз. Біздің міндетміз – сіздерге барынша қолайлы жағдай жасау. Демалыс сəтті өтіп, Оралдағы бұл күндер сəуле шашқан бақытты сəттер болып есте қалсын деген тілектемін», – деп ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов та ізгі лебізін білдіріп, ассамблеяның да балалардың демалысының тиімді өтуіне атсалысатынын айтты.

– Арыстан келген балалардың көңіл күйі жоғары. Түркістан облысынан келген 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларды үш мұғалім бастап келді. Орталықта алғашқы күні-ақ кездесу кеші ұйымдастырылды. Кештің балалардың жаңа ортада өздерін еркін сезініп, өзара тіл табысуына ықпалы зор болды. Оқушылардың əр күні қызықты өтуі үшін барлық жағдай жасалады, -дейді аталмыш орталықтың директоры Гүлсім Дүйсенғалиева.

Облыстық білім басқармасының берген мəліметінше, осы ауысымдағы жұмысқа 2 119 365 теңге қаражат жұмсалмақ. Сонымен қатар «Жайықмұнай» ЖШС, «Ақжайық» футбол клубы, «РИАМИР» ЖШС, «Kinoplexx West» ЖШС, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ жəне Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығы да оқушылардың əр күнінің мазмұнды да мəнді өтуіне өз үлестерін қоспақ. Ал лагерьдегі мəдени-танымдық іс-шараларға белсенді қатысқан оқушылар мақтау қағаздарымен жəне сыйлықтармен марапатталады.