11 Шiлде 2019
126

БҚО-да көп балалы отбасыларға 243 пəтер берілмек

Биыл алты айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде өңірімізде 245 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде екі қалада 17 көп пəтерлік, ауылдарда 119 тұрғын үй құрылысы жүруде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Орал қаласында 15, Ақсайда екі көп пəтерлік, ауылдық жерлерде 115 тұрғын үй, барлығы 3 036 пəтер құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына жалпы 16,1 млрд. теңге қарастырылған, соның 13,2 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысына жұмсалады. -Биыл 449 мың шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға беру жоспарланды. Мұның ішіндегі 83 мың шаршы метр үй құрылысы бюджет қаржысы есебінен жүргізіледі. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша барлық қаржы көздері есебінен 245 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, - деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Əлібек Антазиев. Əлеуметтік жағынан аз қамтылған, яғни жергілікті атқарушы құылымдардағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналып Оралда 4, Ақсайда бір көп пəтерлік тұрғын үй жəне 9 ауданда, соның ішінде Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Сырым, Бəйтерек аудандарында 119 үй салынуда. Олардың жалпы ауданы 94,2 мың шаршы метр (824 пəтер) жəне бұл үйлер жалға берілмек. -Биылғы жыл соңына дейін Оралда бір, аудандарда 50 тұрғын үй, барлығы 535 пəтер пайдалануға беру жоспарланды, - деді Ə. Антазиев. Көп балалы отбасылар үшін Орал қаласында жəне облыстың аудандарында 243 пəтер, соның ішінде Бəйтерек ауданында 39, Бөкей ордасында 32, Қазталовта 16, Сырымда 18 пəтер, Орал қаласында 72 пəтер пайдалануға берілмек. Республикалық бюджеттен 553,8 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 300 млн.теңге бөлінген. Бұл қаржыға коммуналдық тұрғын үй қорынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға Орал қаласынан 66 пəтер сатып алу жоспарланған. «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары үшін Оралда 11, Ақсайда бір тұрғын үй салынуда жəне жыл соңына дейін 8 үй (барлығы 1058 пəтер) пайдалануға беріледі. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның 16 нысанының құрылысын аяқтау немесе 135 шақырым инженерлік желі тарту жұмыстары аяқталады.