15 Шiлде 2019
100

Депутат Бəйтеректе болды

15 шілде күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты, заңнама жəне сотқұқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин жұмыс сапарымен Бəйтерек ауданында болды. Депутат алдымен Калинин ауылында салынып жатқан үйлердің барысымен танысты. 23 жаңа баспананың құрылысын «Жиенбай» ЖШС жүргізуде.

-Үйлердің жалпы көлемі 65 шаршы метр. Ұлттық экономика министрлігі ауданы осы көлемнен аспау қажеттігін көрсетті. Осы баспанамен көп балалы жəне аз қамтылған отбасыларды қамтып, жалға беру жоспарда бар. Ал ай сайынғы жалға беру 4000 теңгенің төңірегінде болмақ. Сондай-ақ тұрғындарға бүгін үкімет отырысында айтылған «Бақытты отбасы» бағдарламасын түсіндіретін боламыз, - деді аудан əкімі Асхат Шахаров. Айта кету керек, 23 үйден бөлек, осы Мұнайшы шағынауданында екі екі қабатты, əрқайсысы 12 пəтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталуда. Бұдан соң меймандар «Элайтс» ЖШС мемлекеттік жеке серіктестік жобасы аясында «SunkarSmartSity» интелектуалды бейнебақылау жүйесі камералары іске қосылған полиция бөлімінде болды.

«SunkarSmartSity» жобасының жетекшісі Александр Молчановтың айтуынша, қосылғанына аз уақыт болған бейнебақылау камераларының арқасында тоғыз қылмыс ашылды. Орын алған қылмыстардың қатарында зорлау, көліктерді айдап кету жəне ұрлық жасау бар. Осылардың ішінде ең көп орын алғаны бөгде біреудің затын жымқыру. Аудандық əкімдікке келген Қанат Сергейұлы zem.kz сайтымен жəне Бəйтерек ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы барысымен танысты.

- zem.kz сайтынан бос жатқан жерлер, кезекте тұрғандар мен жер учаскелерін алған адамдар, аукционға қатысушылар туралы ақпараттар берілген. Егер бір адам құрылыс жүргізбек болса, осы көрсетілген сайтқа кіріп, жерді таңдап, сол бойынша лоттың алғашқы жарнасын төлеп, ЭЦҚ алып тіркеледі. Содан соң тапсырыс бере алады. Біз тапсырысты ғаламтор арқылы қарап, барлығы талапқа сай болса, аукционға қатысуға рұқсат береміз. Бүгінгі таңда үй салу үшін сегіз мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Тұрғын үй салу үшін Переметный, Белес жəне Володарка ауылдарынан жер берілуде. Енді күзде жер телімі Дариян ауылынан берілетін болады, - деді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Төлегенов. 

Өз кезегінде депутат ауданда атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын берді.