16 Шiлде 2019
208

Оралда ХI халықаралық «Атамекен» əн фестивалі басталды

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ҚР Халық артисі, «Отан» орденінің иегері, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, əнші-композитор Е.Хасанғалиевтің əндерін орындаушылардың ХI халықаралық «Атамекен» фестивалі басталды.

Фестивальдің ашылуында облыстық мəдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев байқауға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Тараз, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Қызылорда жəне Өзбекстанның Нүкіс қаласынан келген жас таланттар қатысып жатқанын айтты.

– Өнер сүйер қауым, ХI халықаралық «Атамекен» əн фестиваліне қош келдіңіздер! Қазақ драма театрына дүлдүл əнші Ескендір Хасанғалиев, аяулы жары Дарико Хасанғалиева, əке даңқын жалғастырған ұлы Біржан Хасанғалиев арнайы аяқ басып отыр. Ақ Жайық төрінде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль көптеген жас таланттарға жол ашып, өнер əлемінде өз орнын тауып, биік шыңға шығуына септігін тигізуде. Биылғы байқаудың ерекшелігі - үміткерлер эстрада жəне вокал жанрында əн салады. Олардың арасынан дарынымен жарқырай көзге түсетін жаңа есімдер анықталатынына сенеміз. Келесі жылы Ескендір ағамыз 80 жасын тойлайды, авторлық «Атамекен» əнінің жарыққа шыққанына 50 жыл толмақ. Автордың мерейлі жылын ауқымды шаралармен атап өтеміз, – деді Қадырболат Мұсағалиев.

ХI халықаралық «Атамекен» əн фестиваліне 29 əнші қатысып жатыр. Байқауға ҚР Халық артисі, əндер авторы Ескендір Хасанғалиев, ҚР еңбек сіңірген артисі Қанатқали Қожақов, ҚР еңбек сіңріген қайраткері, композитор Біржан Хасанғалиев, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның əншісі Дəурен Сейітжанов, ІV халықаралық «Атамекен» фестивалінің І орын иегері, əнші-композитор Таңат Жексенбаев қазылық етуде. Байқау қорытындысы ертең мəлім болады.

 

Сурет Темірболат Əнуарұлы