15 Шiлде 2019
131

Өңірге 145 жас дəрігер келеді

Ақ Жайық өңірінде акушер-гинеколог, реаниматолог, анестезиолог, кардиолог мамандары жетіспейді. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласындағы аурухана-емханаларда 398 маманның орны бос тұр. Кадрлар тапшылығы мəселесі қалай шешілуде? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева айтып берді.

Денсаулық сақтау саласының биылғы бюджеті 37 млрд. 355 млн. теңге шамасында. Соның 4 млрд. 393 млн. теңгесі басқарма арқылы қаржыландырылатын бағдарламаларға бағытталған. Бұл қаржының 1 млрд. 174 млн. теңгесі республикалық, қалған 3 млрд. 218 млн. теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінген. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 8 млн. 167 мың теңге қаржықаражат адам капиталын дамытуға, орта буын мамандардың білім-біліктілігін арттыруға жəне 293 млн. 673 мың теңге жоғары медициналық колледж жанындағы оқу-əдістемелік орталықта білім жетілдіруге жұмсалады. Сонымен қатар 74 млн. 794 мың теңге жоғары білімді мамандардың кəсіби даярлығын арттыруға бағытталған, яғни 20 маман менеджерлікке магистратурада, 28 маман резидентураға оқытылуда. – Облыстағы денсаулық сақтау саласында жалпы тəжірибелік мамандар, акушер-гинеколог, реаниматолог, анестезиолог, кардиолог мамандар тапшы. Облысқа 145 жас маман келеді деп жоспарлануда. Солардың 75-і ауыл-аудандарға барып жұмыс істейді. Өткен жылы 64 маман келген жəне олардың 11-і – резидент, 32 маман ауылдарға жолданған. Бүгінде жергілікті бюджет есебінен əкімдіктердің тарапынан осы жұмысқа барған мамандарға қолдау көрсетілуде, – деді Айзада Бекетқызы. Басқарма өкілінің айтуынша, биылғы мамыр айында облыстық мəслихаттың тиісті шешімімен ауылаудандарға барып, жұмыс істейтін жас мамандарға əлеуметтік қолдау көрсету жөнінде ереже бекітілген. Осы ереже талаптарына сəйкес ауылға жұмысқа барған əр жас маманға 1 миллион теңге көлемінде əлеуметтік көмек пакетін беру жоспарланған. Алдағы мəслихаттың сессиясында бұл мақсатқа бюджеттен қаржы сұралмақ. Шалғайдағы ауылдарға жұмысқа баратын 75 маман дəрігерге 75 млн. теңге бюджеттен қаржы бөлу мəселесі шешілмек. – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға жұмысқа барған дəрігерлерге əкімдіктер тарапынан нақты қолдау бары қуантады. Олардың əрқайсысына 176 мың теңге көлемінде көтерме жəрдемақы берілген. 3,8 млн. теңгеге жуық қаражатқа əр жас маманға үй салуға немесе сатып алуға қолдау көрсетілуде. Өткен жылы əр мекеме қаражаты есебінен 11 маманға тұрғын үй беріліп, 20 адамға көтерме жəрдемақы төленген болса, биылғы жылдың алты айында 96 маманға 16 млн. 970 мың теңге көлемінде көтерме жəрдемақы берілді. 48 маманға 173 млн. теңге көлемінде тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінді, – деді Айзада Шүкірғалиева. Облыс əкімдігінің қолдауымен өткен жылы 93 грант бөлінген. Соның 25-і медициналық мамандықтарға оқуға бағытталды. 25 мектеп түлегі осы грант есебінен Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқуда. Биыл да осыншама жас түлек медуниверситеттерге оқуға жолданбақ. Əдетте ауылдан грант есебінен дəрігерлік оқуға барған жастар оқуды бітірген соң, үш жыл бойы ауылдарда жұмыс істуге міндеттелетін. Енді биылдан бастап талап өзгерді: медициналық жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың барлығы да ауылдарға барып, жұмыс істеуі керек.