15 Шiлде 2019
44

Алты жоба мақұлданды

«Даму» кəсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы облыстық кəсіпкерлік жəне индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйытқы болуымен «бір терезе» қағидаты бойынша кəсіпкерлікті жаңадан бастаған жас кəсіпкерлерге жəне кəсіпкерлікпен бұрыннан айналысатын іскерлерге арналған ашық есік күнін өткізді.

Биыл елімізде жаңа «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы іске қосылды. Ондағы көздегеніміз - «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыра отырып, елімізге сырттан келетін тауарды азайтып, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық заттарды өз аумағымызда, яғни елімізде өндіруге қол жеткізу. Жаңа өндіріс орындарын құру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, ел-жұрттың тұрмысын жақсарту көзделіп отыр. Соған орай аталмыш шара барысында келушілерге осы жоба шеңберінде басымдық берілетін жобаларды несиелеу тетіктері жəне кəсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау-көмек жайы түсіндірілді. Облыс кəсіпкерлері орта, шағын кəсіпкерлік субъектілеріне арналған «Қарапайым заттар экономикасы жобасы ұсынатын мүмкіндіктерді белсене пайдалануда. Бағдарлама бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін 15%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. Яғни оның 10%-ын мемлекет, қалған 6%-ын кəсіпкердің өзі өтейді. Несие 7 жылға беріледі. Сонымен қатар мемлекет банктерге несие сомасының 50%-ына дейін кепілдік береді. Айналым қаражатын толықтыруға несие шамасының 50%-ына дейін несие беріледі. Осы бағдарлама бойынша несие негізінен өңдеу саласының, соның ішінде тамақ, құрылыс индустриясы, агроөнеркəсіп кешені өндірісі, сервистік қызмет көрсету бағытындағы жобаларға «бұйырады». - «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша облыста 86,8 млрд. теңгенің 77 жобасы қаралуда. Жалпы құны 221 млн. теңге болатын алты жоба екінші деңгейдегі банктермен мақұлданған. Олар, мысалға, «Полиграфсервис» ЖШС-ның картон стакан өндірісі, «Исаев» шаруа қожалығының ашытқы өндірісі үшін жабдық сатып алу жəне өндірілген өнімдерді сақтау жəне қоймалау жұмысы, «Ружейников» жеке кəсіпкерлігінің асүй жиһазы өндірісі, «Молдағалиева Г. С.» ЖК-ның қымыз өндірісі жобалары. Бұдан басқа 248 млн. теңгенің төрт жобасына бүгін-ертең шешім шықпақ. Банктер несие шамасына шектеу қоймайды, бірақ 10 млрд. теңгеден жоғары несие қаражаты сұралса, онда жобаның «тағдыры» салалық министрлікпен келісіп шешіледі, - деді облыстық кəсіпкерлік жəне индустриалды-инновациялық даму басқармасының мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Исатай Бақтыгереев. Оның айтуынша, БҚО бойынша туризм, қонақ үй салаларындағы жобаларды аталмыш бағдарлама бойынша несиелеу жөніндегі ұсыныстар орталыққа жолданған. Ақ Жайық өңірі Ресейдің бес облысымен шектеседі əрі транзиттік облыс болып табылатындықтан, жақсы қонақ үйлерге мұқтаж. Туризмді дамыту мəселесі де өзекті. «Даму» қоры облыстық филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджері Досхан Сəттібаев мұндай ашық есік күндері бекітілген сызба бойынша үнемі өткізілетінін айтады. Биыл өңірге «Еңбек» нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 597 млн. 320 мың теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 297 млн. 320 мың теңгесі «Қазақстанның халық банкі» АҚ-ның, 300 млн. теңгесі «Ресей жинақ банкі» АҚның филиалдарына орналастырылған.

-Кəсіпкерлерді қолдап, құжаттарын жинатып, тегін кеңес беріп, осы банктерге дейін (қаржыландыру тек осы екі банкпен жүргізіледі) құжаттарын «сүйемелдеудеміз». «Даму» қоры бұл бағдарлама бойынша қаржылық агент болып табылады. Қор филиалында кəсіпкерлермен жұмыс жасау орталығындағы менеджерлер ісін жаңадан бастаған жəне бұрыннан жұмыс істейтін кəсіпкерлерге толыққанды ақпарат береді. Былтыр Үкіметтің қаулысымен «Экономиканың басым салаларын қаржыландыру» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама инвестициялық мақсатқа, айналым қаражатын толықтыруға, өнеркəсіп, агроөнеркəсіп кешені салалары бойынша 600 млрд. теңгеге дейін кəсіпкерлік жобаларын несиелеуді көздейді. Несие 7 жылға дейін беріледі, 9%-ды мемлекет субсидиялайды, кəсіпкер тек 6%-ын өтейді. Кепілзаты жетпей жатқан кəсіпкерлерге «Даму» қоры қолдау жасайды, яғни жұмыс істеп жатқан кəсіпкерге несие шамасының 50%-ын, ал ісін жаңа бастаған кəсіпкерге 85%-ын (кепілзаттың15 %-ын кəсіпкер өзі салады) кепілдендіреді. Мұны мемлекет тарапынан кəсіпкерлікті дамыту үшін жасалған қамқорлық деп түсіну керек, - деді Д. Сəттібаев. Оның ұсынған ақпаратына сүйенсек, бағдарлама бойынша облыста сервистік қызмет көрсету саласы субъектілері бағдарламаға қатысушылардың 38%-ын құрап отыр. Мысалға, «Ошкин С. В.» ЖК аутобуспен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, «Ғалиасқарова А.К.» ЖК ұсталған тауарлар саудасы, «Водолажский В. Ю.» арнайы дүкендердегі сауда, «Колесников И.Г.» ЖК аутокөлікпен жүк тасымалы, «Мансұр» ЖК такси қызметі жобаларына инвестициялық мақсатқа жеңілдетілген несие алған.