16 Шiлде 2019
30

МСҚ жыл басынан бері БҚО бойынша халыққа қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 18,3 млрд. теңге төледі

«Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 18,3 млрд. теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бөлінді.

«2019 жылы 15 шілдедегі мəліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 18,3 млрд теңге яғни 53,9% төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының проценті», - деді МСҚ-ның БҚО бойынша филиалының директоры Нуржамал Жумагулова. 2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 34,4 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 14,4% пайыз артық. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 51 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 15 жеке меншік клиника да бар. Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК жəне міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру (МƏМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады жəне халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тəртіп бойынша сатып алады.