16 Шiлде 2019
122

Парламент депутаттары Оралдағы мембағдарламамен салынып жатқан үй құрылысымен танысты

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті депутаттары Қанат Мусин, Шавхат Өтемісов Зашаған кентіндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.

Елбасының тапсырмасымен елімізде іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасының басты мақсаты - азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бағдарлама бойынша Оралда үй құрылысы қарқынды жүруде. -Саратов күре жолы бойындағы жаңа шағын ауданда жеті көппəтерлік тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Жыл аяғына дейін бес көп пəтерлік (774 пəтер) үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланды. Сонымен қатар инженерлік желілер жобасы жасақталып, конкурстық процедуралар жария етілді. Бүгінде Орал жəне Ақсай қалаларында 17 көп пəтерлік, ауылдарда 119 тұрғын үй құрылысы жүруде, - деп атап көрсетті облыстық құрылыс басқармасының басшысы Əлібек Антазиев. Депутаттар жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысып, жақсы баға берді. ҚР Парламент депутаты Қанат Мусин еліміздегі тұрғын үй саясатының нақты іске асырылып жатқанына Оралдағы үй құрылысының жанды мысал болатынын айтты.