17 Шiлде 2019
272

БҚО-да Ескендір Хасанғалиев əндерін орындаушылардың ХІ халықаралық "Атамекен" фестивалі қорытындыланды

Бүгін ҚР Халық артисі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлес əнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің əндерін орындаушылардың ХІ халықаралық "Атамекен" əн фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды.

Фестивальге еліміздің əр өңірінен келген жəне өзбекстандық əншілер қатысты. Байқауда романс жанрының бас жүлдесін тараздық Дінмұхамед Көшкінбаев (650 мың теңге ақшалай сыйлық) жеңіп алды. І жəне ІІ дəрежелі дипломдарға алматылық Ержан Жұманиязов пен Жандарбек Еркінбаев (450 мың теңгеден) ие болды, ІІІ дəрежелі дипломды өскемендік Мақсат Саматов (350 мың) алды. Романс жанры бойынша қостанайлық Гүлбақыт Жаңбырбаева, тараздық Сəуле Жуатбекова дипломант атанды.

Эстрада жанры бойынша оралдық Айбек Дəулетқалиев бас жүлдені (650 мың теңге) иеленді. Бірінші орын оралдық Тарас Жауымбаев, екінші жүлде нұрсұлтандық Айдын Жұмабаевқа берілсе, əн бəйгесінде үшінші тұғырдан қарағандылық Самат Шонов пен нұрсұлтандық Мейіржан Самылтыров көрінді. Эстрада жанрынан өзбекстандық Рахим Орынғалиев, атыраулық Айданақ Сағындық, ақтөбелік Ернар Дүйсеев дипломант атанды. Жүлделі орын алған əншілерге лауреат атағы берілді.

- Шығармашылық еңбек нəтижесінде 200-дей əн шығардым. Фестивальден ұзақ уақыт естілмей қалған əндерімді орындады. Жас таланттар репертуарын байытып жатқанына қуаныштымын. Жүлде алмаған өнерпаз жастарға айтарым, өздерің бағындырар өмір белестері алда. Əрдайым тыңғылықты дайындалып, өнерлеріңді көрсете беріңдер. Мен өмір бойы ізденісте болдым. Келесі жылы 80-нің асуын бағындырамын, - деді əнші-композитор Ескендір Хасанғалиев. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен марапаттау салтанаты гала-концертке ұласты.