19 Шiлде 2019
229

БҚО-ның бюджеті нақтыланды

Бүгін облыстық мəслихаттың кезектен тыс 27-сессиясында облыстық бюджет 174 млрд. теңге болып нақтыланды. Сессия жұмысына облыс əкімі Ғали Есқалиев қатысты.

Сессияда алдымен облыс басшысы əкімі жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің даму көрсеткіштерін одан əрі арттыру бойынша берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге тоқталып, алдағы жұмыс жоспарлары жайында баяндады. Өңірдің əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне талдау жасаған облыс басшысы атқарылатын жұмыстардың ауқымды екенін айтып, Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруда өңір тұрғындарымен бірлескен жұмыс жоспарларын құру жəне өңірді дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей əсер ететін 9 бағыт бойынша жүктелетін тапсырмаларға тоқталды. Осы бағытта халық қалаулыларын бірлесе жұмыстануға шақырды. Депутаттар облыстық мəслихаттың 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №21-2 «2019 -2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жайын қарады. Облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Əсемгүл Əбенова салықтық емес түсімдерді ұлғайту есебінен Түркістан облысының Түркістан қаласының «Ақжайық» музыкалық мектебінің құрылысына облыстық бюджеттен 484 млн. теңге шамасында қаражат бағыттауды ұсынды. Бұл шығын Елбасының Түркістан облысының əлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты берген тапсырмасы шеңберінде қарастырылып отыр. Бұған дейін осы нысан құрылысына 462 млн. теңге облыс қазынасынан бөлінген болатын. Халық қалаулылары бұл мəселеге қатысты түрлі ойпікір білдіргенімен, жағдайға түсіністікпен қарап, шешімді бірауыздан мақұлдады. Осындай шешімнің нəтижесінде облыстық бюджет 173,8 млрд. теңгені құрайтын болды.

Сондай-ақ 27-сессияның күн тəртібінде азаматтық қызметшілер болып табылатын жəне ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, əлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мəдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы жəне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесімен келісу туралы, облыс əкімдігінің құрамы, "Мемлекеттік-жеке меншік əріптестік жобалары жəне коммуналдық меншікке жататын объектілерге қатысты концессиялар жөнінде комиссия құрамы туралы шешімге" өзгерістер енгізу мəселелері қаралып, оң шешім шығарылды.