18 Шiлде 2019
138

Сенат депутаттары əлеуметтік көмек алып отырған аналармен кездесті

Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев келіп, жаңа үлгідегі атаулы əлеуметтік көмек алып отырған аналармен кездесті. Кездесуге Сырым ауданының əкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиевтің айтуынша, биыл жаңа үлгідегі атаулы əлеуметтік көмек аудан бойынша 469 жанұяға тағайындалған екен. Осы отбасылардың атынан сөз алған азаматшалар мемлекеттің мүмкіндігін балалардың білім алуы, ауладағы өндіріс жəне тұрғын үй мəселелерін шешу жолында пайдаланып жатқандарын айтты. -Əлеуметтік көмекті қаржылай табыс деп емес, бақуатты өмірге жету жолындағы көмек деп түсіну керек. Мемлекет кейінгі кездері əлеуметтік мəселелерге баса көңіл бөлуде. Қай мəселенің де əлеуметтік əрі құқықтық қыры болады. Жаңа үлгідегі атаулы əлеуметтік көмекті алу барысында да құқықтық мəселелер орын алып жатқаны жасырын емес. Табысын жасыру, көмек тиесілі болуы үшін қасақана ажырасу секілді жайттар бізді өте алаңдатып отыр. Біз қазақ жанұяларынан балаларын еңбекке баулуды сұрар едік. Мемлекет үшін ең қауіпті нəрсе – тəрбиеленбеген бала. Балалар атаанасынан үкіметке арқа сүйей беруді, үнемі біреуден қолдау, демеу күтуді үйренбей, өз беттерімен адамдық жолына түсуді үйренсе екен, – деді сенатор Ерболат Мұқаев. Ресми кездесуден соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев аналармен бала тəрбиесі, жанұядағы əйелдердің орны жөнінде пікірлесті.