24 Шiлде 2019
198

Бәйтерек ауданы толық бақылауда

Батыс Қазақстан об­лы­сындағы Бәйтерек ауданы – «Sunkar smart sity» бейнебақылау жүйесі орна­тылған еліміздегі әзірге жалғыз аудан. «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы аясында мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылған бұл жоба бойынша Бәйтерек ауданының 7 елді мекеніне 243 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оған қоса әуеден бақылайтын дрондар да осы жүйеге кіреді.

 

 

Қазір бейнебақылау камералары ешкімге таңсық емес. Қала көшелерінде, ғимарат ішінде бақылау камерасы өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып кеткенімен, бірнеше елді ме­кеннен тұратын үлкен ауданды бір орталықтан қадағалай алатын мұндай жүйе бізде жоқ еді. Енді міне, заманауи технология ауылға да жетті.

 

– Бейнебақылау камералары көпшілік ойлағандай айыппұл салу, жазалау құралы емес. Бұл ең алдымен қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде профилактикалық ықпалға ие. Жаңа жоба бойын­ша орнатылған камера­лар Бәйтерек ауданының орта­лығы – Переметный ауыл­ынан бөлек, Мичурин, Асан, Дариян, Калинин, Үлкен Шаған және Көшім секілді ірі-ірі алты елді мекенді қамтиды. «Sunkar smart sity» жүйесінің бас­қару пульті Переметныйда ор­натылған. Осы орталыққа бар­лық елді мекеннен ақпарат түсіп отырады. Оператор қажетті жағдайға орай тиісті аймақты онлайн түрде бақылай алады. Бір ерекшелігі, әр нүктеде екі камера орнатылған, оның бірін оператор кез келген бағытқа бұрып қарай алады, ал екінші камера тұрақты болады. Бұл бақылау аймағынан ештеңе де тыс қалмайды деген сөз, – дейді жобаны жүзеге асырушы «Элайтс» ЖШС-нің техникалық директоры Александр Молчанов.

 

А.Молчановтың айтуынша, «Элайтс» ЖШС көп жылдан бері күзет функциясымен, бейнебақылау қондырғыларын жетілдірумен айналысып келеді екен. Сондықтан да компания әлемдік бақылау камераларының ең жақсы қасиеттерін алып, біріктірген. Оның үстіне компания Бәйтерек ауданы әкімдігімен арада жасалған келісімшартқа сәйкес «Sunkar smart sity» жүйесіне үш жыл бойы қызмет көрсетіп, жетілдіріп отырмақ.

 

– Жаңа жүйенің тиімділігін мынадан-ақ аңғаруға болады: Бағдарлама әлі толық іске қосылып үлгермеген екі апта ішінде осы камералардың көмегімен үш ауыр қылмыс ашылды. Оның үшеуі де жеке тұлғаның мүлкін заңсыз иемденуге байланысты заңбұзушылық, – дейді облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Сүйінбаев. Оның айтуынша, бүгінде Орал қаласында жедел басқару орталығының (ЖБО) 97 камерасы жұмыс істеп тұр. «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 346 камера орнатылған. Сондай-ақ облыстың әр ауданында ЖБО-ға қарасты бақылау жүйесі, барлығы 148 камера бар. Биыл жыл басынан бері осы камералардың көмегімен полиция 48 қылмысты ізін суытпай ашыпты. Оның ішінде 13 тонау, 15 бұзақылық фактісі бар.

 

Қазіргі таңда Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің 15 қызметкері «Sunkar smart sity» жүйесін пайдалануға оқып үйреніп жатыр. Болашақта Бәйтерек ауданы тәжірибесінің тиімділігін өзге аудандар көрсе, «Sunkar smart sity» жобасы өзге аудандарға да тарауы мүмкін.

 

– Біз ұсынып отырған жобада қаржының қомақты бөлігі оптикалық-талшықты кабель жүйесін тартуға кетеді. Бірақ ол жүйені кейін басқа да түрлі мақсатқа пайдалануға, мысалы жоғары жылдамдықты интернет қызметін таратуға, байланыс жүйесін дамытуға, басқа да жұмыстарға пайдалануға болады. Осы арқылы жобаның өзіндік құнын төмендетіп, алыс ауылдардың көптеген мәселесін шешуге болар еді. Болашақта «Sunkar smart sity» жобасына басқа аудандар да қосылып жатса, бірыңғай облыстық бақылау жүйесі құрылуы мүмкін. Осылайша болашақта ЖБО-да отырған кезекші инспектор интерактивті картадан өзі қажет еткен аудан мен ауылды және онда қойылған камераны таңдап, ол жерде болып жатқан оқиғаны онлайн режімде бақылай алады, – дейді Александр Молчанов.