24 Шiлде 2019
89

Оралда апатты үйлер сүріліп, жаңасы тұрғызылуда

Оралда осымен үшінші жыл қатарынан мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ескі үйлер бұзылып, орнына жаңасы тұрғызылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде шаһарда апатты деп танылған 40 үйдің 14-і сүрілді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға коммуникация желілері тартылып, салушы кәсіпорын бұрынғы иелерінің бір бөлігіне осы жерден баспана береді. Ал қалғандарын нарықтағы бағаға сатады. Қазіргі таңда 68 отбасы жаңа қоныстарына көшіріліп, 8 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта қалада өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған барлық үйлер бұзылатын болады. Сағынжан Егіз, учаске шебері: – Біз 2018 жылы шілде айында осы жерде екі үйді бұздық, ол 16 тұрғын үйлік екі қабатты үй болатын. Қазір оның орнына 9 қабатты 56 үйлік тұрғын үй салып жатырмыз. Менің қарамағымда 12 адам жұмыс жасайды. Жұбан Жұмағалиев, қалалық коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының бөлім меңгерушісі: – 4 үй эксплуатацияға тапсырылды. Қазіргі таңда 8 үйдің құрылысы жүргізілуде. Апатты үйлердің тұрғындары құрылыс уақыты кезінде уақытша баспанаға көшірілген болатын. Жыл аяғына дейін 5 апатты үйді бұзу жоспарланған болатын.