24 Шiлде 2019
290

Ақжайықтық Хасановтар отбасылық ансамбліне – 35 жыл

Атырабымызда Хасановтар отбасылық ансамбілін білмейтін жан кемде-кем. Өнерімен өңірімізге танылған өнегелі шаңырақтың мəдениеттен ойып тұрып алған орны алабөтен. Өйткені, бірлігі жарасқан бұлар киелі сахнада биік белестерді бағындыра білді. Талай-талай қиындықты еңсерді, өмір өткелдерінде əруақыт қол ұстасып бірге келеді. Міне, биыл Хасановтар отбасылық ансамблінің құрылғанына – 35 жыл.

Аталған датаға орай Хасановтар отбасылық ансамблі Чапаев сахнасында есептік концерт берді. «Əн қанатындағы əулет» деп аталған əдемі де əсерлі кешке келушілер қатары қалың болды. Кеш басында көрерменге ұсынылған бейнеролик те концерттің маңызын салмақтандыра түсті. Отағасы, асқар тау əке Мақсот Хасанов бала кезден өнерге жақын өскен. Музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Қолына қай аспапты берсең де, тілін таба жөнелетін əмбебап өнерпаз шəкірттерінің санына қапелімде жете алмайсың. Отанасы Дина Ғабдрешқызы сонау 60-шы жылдардың ортасынан сахнада. Жетістігі бір төбе. Мысалы, 1977 жылы республикалық əн байқауында арнайы медаль иеленген. 1985 жылы Мəскеу қаласында өткен XII Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің ашылу салтанатында жəне Румыния, Болгария елдерінде қазақстандық өнерпаздардың қатарында жоғары деңгейде өнер көрсете білді.

Мақсот пен Дина Хасановтар 1972 жылы алғаш рет сол кезде аудан құрамында болған «Чапаев» кеңшарының Қызылжар бөлімшесінде үгіт бригадасы құрамында өнер көрсеткен. Қашанда қол ұстасып қатар жүріп, өмірдің ыстық-суығын тата жүріп, өнерді тастамады. Бойдағы дарын, қандағы талант оған жол бермеді. Сөйтіп, 1984 жылы олар Хасановтар жанұялық ансамблін құрды. Бұл ұжым құрылған сəттен аудандық, облыстық конкурстарда топ жарып, ауданның атын алысқа апарды. Сахнаға алдымен Дина Хасанова көтеріліп, мəдениет саласының ардагері Жұмағаным Сырымовамен бірге Ежи Петерcбурскийдің «Синий платочек» əнін шырқады. Өйткені, Дина Ғабдрешқызы сахнаға алғаш осы əнмен шыққан екен. Үш ұл, үш қыз тəрбиелеп өсірген олар бала-шағасының бағын көріп отырған ата-əже. Тұңғыштары Гүлайым аудан орталығында, үйлі-жанды. Ал əнші Жаңылсын Хасанованы танымайтын кісі жоқ шығар. Ол Шəмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев əндерін орындаушылардың халықаралық «Менің Қазақстаным» əн байқауларының дипломанты. Мəскеу қаласында өткен халықаралық «Шабыт», республикалық «Жас қанат», «Атамекен» əн фестивальдарыдағы жеңістері де жұртымызға жақсы мəлім. ҚР Президенті Құрмет грамотасының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж. Хасанова бүгінде Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияда қызмет етеді. Айнаш Орал қаласында сауда саласында жұмыс жасайды. Ұлдың үлкені Қайрат бұрыннан өнерге жақын. Жаңа заман технологиясының тілін білетін ол көп жылдардан бері аудандық мəденидемалыс орталығында жарық технигі қызметін атқарып келеді. Бұл реттегі шеберлігі облысымызға белгілі. Тіпті, осы жылдың 29 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Димаш Құдайбергеновтың «Арнау» атты концертіне жарық қою қызметіне осы Қайрат таңдалып алынған. Бұл да еңбектің еленгені ғой. Зайыбы Жанар аудандық мəдени-демалыс орталығында хореграф, баласы Жалғас əн өнерінде қанат қағып келе жатыр.

Мақсот пен Динаның ортаншы ұлдары Асхат Хасанов та беделдің биігінде жүрген азамат. Қазақ ұлттық консервотоиясының түлегі. Бүгінде БҚО əкімдігінің эстрадалық-симфониялық, камералық оркестрінің бас дирижері. Мəдениет жəне өнер саласына қосқан үлесі үшін «Жас дирижер» дипломының, «ҚР өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Зайыбы Гүлнəр, қыздары Ажар мен Мəдина – скрипкашылар. Кеш барысында Ж.Хасанова Төлеген Мұхамбетжановтың «Туған жер», Құрмаш Маханның «Жан сырым» əндерін орындады. Қалың көрерменге Асхат, Гүлнар, Ажар, Мəдина, Анар, Жарас, Жалғас Хасановтар түрлі аспаптарда қазақ əндерінен попури ұсынды. Хасановтар жанұясының ең кішкентай əншісі, Қайраттың ұлы 5 жастағы Қайнардың «Қошақаным» əнін орындауы да тыңдарман көңілін бір серпілтті. Жайық ауылындағы клубта көп жылдар қызмет еткен Мақсот пен Дина ауыл көркемөнерпаздарын дайындауда елеулі еңбек етті. Ауылдағы мəдени-іс шаралардың бас-қасында жүріп, елдің рухын көтеруде адал қызмет атқарды. Дина Ғабдрешқызы зейнетке шықса да халық əндерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 2008 жылы Жайық ауылдық «Асыл əжелер» ансамблін құрды. Д.Хасанованың жетекшілігімен белестерді бағындырып келе жатқан ансамбль 2018 жылы облыстық əн фестивалінде ІІІ орынға, биыл аудандық байқауда І орынға ие болды. Концерт барысында əжелер Рахым Жанайысовтың «Атамекенге сағыныш», Ескендір Хасанғалиевтың «Айналдым елім» əндерін əуелетті.

Немерелер орындауында «Ата-əже» əнімен түйінделген көрікті кештен көрермен зор рухани азық алды. Қошемет, риясыз көңіл, құшақ-құшақ гүл Хасановтардың өнеріне берілген зор бағаның куəсі еді. –Ақжайықтан жылдар жүзінде небір өнер дүлділдері шықты. Солардың ішінде Хасановтардың орны тіптен ерекше. Қиын-қыстау кезеңдерде де өнерден алыс кетпеген олардың қызметтегі адалдығына бұрыннан куəміз. 35 жылдық құтты болсын! Əрқашан халыққа сыйлы бола беріңіздер,-деді шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан əкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев. Ол отбасылық ансамбльге аудан əкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың естелік сыйлығын табыстады.

–Өнерімізді бағалап келген баршаңызға алғысымыз шексіз. Біз қашанда халықпен біргеміз. Өнерхалықтікі. Сіздердей қолдаушы барда ұрпағымызбен жасай береміз,-деді М.Хасанов. Ақын Сағынтай Бисенғалиев бұл отбасыға арнаған жырын оқыды. «Асыл əжелер» ансамблі мүшелері естелік сыйлық табыстады. Кеш иелерімен бірге кезінде ауданның мəдени-рухани көшінің жүгін бірге көтеріскен аудандық мəслихат аппаратының басшысы Амангелді Ашабаев, ардагер ұстаз Марат Мақашұлы ізгі тілегін арнады.