26 Шiлде 2019
276

Көздіғара жолын көтеру жұмыстары жүргізілуде

Сырым ауданының əкімі Төлеген Төреғалиев Бұлдырты, Көздіғара бағытындағы жұмыстармен танысты.

Алғашқы сапар Көздіғара ауылына кіре беріс жолды көтеру жұмыстарынан басталды. Сырым мемлекеттік коммуналдық кəсіпорнының басшысы Руслан Тасқалиев аудан басшысына жұмыс барысын таныстырды.

Руслан Болатұлының айтуынша, Көздіғара ауылына кіре беріс жолды көтеру - аудан əкімінің есеп беру жиналыстарында көптің қозғалған мəселелердің бірі. Жолды көтеру 15 шілдеде басталды, тамыздың 10-дарында аяқталуы тиіс. Жолдың ұзындығы 12 км болса, жол көтеру жұмыстары соның 7 шақырымына жасалады.

Бүгінде көтеру, жер жырту, топырақты төсеп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Оған төрт техника жұмылдырылды. Жүк тиеуші, «МТЗ-100» өз кезегімен жұмыстарын атқаруда. Алдағы уақытта тағы бір жүк тиеуші мен шынжыр табанды трактор қосылады. Техника құлағында ойнаған жұмысшылардан басқа жауапты бір бригадир бекітілді.