29 Шiлде 2019
174

Оралда Жайық өзені мəселелеріне арналған халықаралық семинар өтті

25-26 шілде аралығында Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің, Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымының, РФ Орынбор облысының қолдауымен жəне Батыс Қазақстан облысы əкімдігінің ұйымдастыруымен «Жайық өзені бассейнінің экологиясын сақтаудың бірлескен институционалдық жəне экономикалық механизмі бойынша ұсыныстар дайындау жəне халықаралық тəжірибелерді зерттеу мəселелері» тақырыбында семинар өтті.

Батыс Қазақстан, Атырау жəне Ресей елінің көршілес Орынбор облыстарында бірдей аталып өтетін «Жайық күні» қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық семинарға бүгін ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлыбай Сəбит, ЕҚЫҰ-ның Нұр Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо, облыс əкімі Ғали Есқалиев, Орынбор облысы вице губернаторының міндетін атқарушы Павел Самсонов, Атырау облысы əкімінің орынбасары Əлібек Наутиев, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ҚР Парламенті Сенатының депутататтары Ғұмар Дюсембаев, Ерболат Мұқаев, Сəрсенбай Еңсегенов, «Біздің Жайық-Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Тарасенко, қос елдің ғалымдары, халықаралық жəне отандық сарапшылар қатысты.

-Жайық өзені Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының көршілес аймақтарының əлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Оның екі ел үшін де маңызды тарихи, эстетикалық жəне мəдени маңызы зор. Сонымен бірге, қолда бар мəліметтерге сəйкес, Жайық өзенінің бассейні экожүйесінің нашарлауы, оның ішінде су сапасының нашарлауы, жайылымдық ормандардың азаюы, биологиялық ресурстардың, əсіресе бағалы бекіре тұқымдас балықтардың азаю тенденциясы байқалады. Бассейннің жағдайы үлкен алаңдаушылық тудырады.

Биыл Жайық өзенінің толу деңгейі 17 млн текше метрді құрады. Бұл өте төмен деңгей, өз кезегінде флора мен фаунаға кері əсерін тигізуі мүмкін. Соның аясында жаңа шешімдерді іздеу, баламалы су көздерін пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Біз ауыз судың жер асты көздерін пайдалануды жоспарлап отырмыз, қазіргі уақытта тиісті министрлікпен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жайықтың жайы бұған дейін əр түрлі деңгейлерде, соның ішінде Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары, үкімет жəне парламент мүшелері деңгейінде бірнеше рет қаралды. 2016 жылы Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумының (Нұр-Сұлтан) қорытындылары бойынша Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат көп жылғы тығыз байланыстың жемісі болып табылады. Осы келісім аясында біздің елдеріміздің арасында тұрақты комиссия жұмыс істейді. Бірлескен комиссиялардың ұйымдық құрылымдарының алуан түрлілігіне қарамастан, шешім қабылдау органдарымен қатар, комиссияда қабылданған шешімдердің бірізділікпен орындалуын қамтамасыз ететін атқарушы жəне жұмысшы органдарды құру да маңызды.

Біз бауырлас елдерімізді біріктіретін өзеннің суын сақтап қалуға бағытталған мақсаттарға бірлесіп қол жеткізе аламыз, сонымен қатар барлық салалардағы үкіметаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, тату көршілік қатынастардың жаңа деңгейіне шығамыз деп сенемін, -деген облыс басшысы Ғали Есқалиев тұрақты бірлескен орган - Жайық өзенінің мемлекетаралық қорын немесе Жайық өзені бассейнінің форумын құру жəне бірлескен кешенді бағалау жүргізу туралы мəселені пысықтауды, ғылыми негізделген жан-жақты зерттеулер жүргізуді ұсынды.

Жиында айтылғандай, соңғы кезде Жайық өзенінде су тапшылығы айқын сезілуде. Оған қоса өзен ластану үстінде. Соның ішінде ауыр металл мен хромның қалыптан артық жинақталуы байқалуда. Сондықтан Жайық өзенін бұрынғы қалпына келтіру - екі ел үшін де ортақ мəселе.

Халықаралық сарапшылар Сергей Виноградов, Болат Есекин, РҒА академигі, ғалым Александр Чибилев, РФ-ның ұлттық сарапшысы Жанна Савохип, Қазақстан тарапынан ұлттық сарапшы Мейрам Арыстанов ғылыми баяндамаларында Жайық өзенінде қалыптасқан ахуалды егжейтегжейлі баяндап берсе, мəселеге кешенді түрде келуді ұсынған ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлыбай Сəбит, облыс əкімі Ғали Есқалиев, Орынбор облысы вице губернаторының міндетін атқарушы Павел Самсонов, Атырау облысы əкімінің орынбасары Əлібек Наутиев, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ҚР Парламенті Сенатының депутататтары Ғұмар Дюсембаев пен Сəрсенбай Еңсегеновтер Жайық өзені бассейнінің экожағдайын жақсарту, өзенге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мəртебесін беру, түбегейлі ғылыми зерттеулер жүргізу, ортақ инвестициялық қор құру сияқты маңызды мəселелерге қатысты нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында «Ресей экологиялық қоғамы» АҚБ мен «Біздің Жайық-Наш Урал» экологиялықтуристік қозғалысы» ҚБ арасында келісімге қол қойылды.