31 Шiлде 2019
214

Оралда "Мектеп жəрмеңкесі" 1 тамыздан басталады

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектеп жəрмеңкесі» 1 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында əдеттегідей Орал қаласының орталық базарындағы Арбат бойында өтеді.

Айта кетейік, «Мектеп жəрмеңкесі» дəстүрлі түрде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді.

 

Орал қаласы əкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жəрмеңке өткізудегі басты мақсат - қала тұрғындары мен қонақтарына сауда жасауға қолайды жағдай туғызу жəне кəсіпкерлерге қолдау көрсету.

 

Биылғы кеңейтілген жəрмеңкеге 170 кəсіпкер қатысады деп жоспарлануда. Олардың басым көпшілігі - кеңсе тауарлары мен мектеп құралдарын сату саласында көп жылдар бойы қызмет ететін кəсіпкерлік субъектілері. Жəрмеңкеге қатысушы кəсіпкерлерге қойылатын жалғыз талап - мектеп құралдарының бағасын мейілінше төмен ұстау.

 

Тағы бір атап өтетін жайт, сауда жасау орындары кəсіпкердің өтініші негізінде тегін беріледі.

 

Жəрмеңке барысында кəсіпкерлердің ұйымдастыруымен көп балалы аналарға, жалғыз басты аналарға, мұқтаж жандарға, т.б. əлжуаз топ өкілдеріне жеңілдіктер жасалып, мектеп құралдарын тегін беру секілді қайырымдылық шаралары өткізіледі.

 

Еске салар болсақ, 2018 жылы өткізілген жəрмеңкеде көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен 100-ге жуық отбасына 30%-дан 70%-ға дейінгі жеңілдіктер жасалған болатын.