31 Шiлде 2019
339

БҚО өнерпаздары Қырғызстаннан жеңіспен оралды

«Jeti Oguz жұлдыздары» lV халықаралық конкурс-фестивалі Қырғыз Республикасының «Өңірлік даму» жылының аясында ел əртісі, белді актер Мукамбет Токтобаев пен республика мəдениетінің мықты қызметкері, əнші Элмира Қайыпқызының құрметіне арналды.

Ұйымдастырушы, əнші Қайрат Салмакеевтің айтуынша, 25 шілде күні басталып, 30-ы күні қорытындыланған айтулы шараға Түркия, Ресей, Қазақстан, Үндістан, Моңғолия, Қырғызстан, Саха (Якутия), Тыва (Тува) жəне басқа елдерден өнерпаздар қатысты.

 

Жалпы, бұл шараға жыл сайын мыңға жуық адам келеді. Мұндағы мақсат - əр елдің өнер адамдарының басын қосып, таланттарын əлемге паш ету. Фестиваль бұған дейін Шыңғыс Айтматовтың 90, Əшіралі Айталиевтің 95, Калыйбек Жекшеновтің 65, Эмил Токтобековтің 55 жылдығына арналған болатын. Байқау əншілер (эстрада, опера, джаз жəне фольклор жанры), манасшылар, күй өнері, би өнері, дизайнерлер, қолөнер шеберлері жəне актерлік шеберлік аталымдары бойынша өткізілді.

Фестиваль қорытындысында Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының актрисасы Эльмира Мақашева "актерлік шеберлік" аталымы бойынша көркем сөз оқудан бас жүлдені жеңіп алды. Ол Ш.Айтматовтың «Жанпида» романынан монологты тебірене оқып берді.

 

«Бұл байқау - өмірімдегі ең бақытты сəттердің бірі. Өйткені əр елдің мақтаныштары - кіл мықтының арасынан дараланып шығу оңайға түскен жоқ. Ең бастысы, ел үмітін ақтап, абыройын асқақтату ғой», деді ҚР мəдениет саласының үздігі Эльмира Мақашева.

Сол секілді Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның бишілері Сұлтан Даутов пен Камилла Халелова би өнерінен Гран-приге қол жеткізді. Айта кетейік, өткен жылы осы фестивальде «Үздік дəстүрлі əнші» аталымы бойынша Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның əншісі Күлəш Қуанышқалиева бас жүлдені жеңіп алған болатын. Биыл ол құрметті қонақ ретінде қатысты.