02 Тамыз 2019
289

БҚО-да көп балалы жəне АƏК алатын отбасылардың балаларына 100 грант бөлінді

Мемлекеттік білім гранты негізінде ЖОО-ға түсе алмаған көп балалы жəне атаулы əлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың балалары ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің қосымша грантын иелене алады. Бұл туралы облыс əкімдігінде өткен дөңгелек үстелде айтылды.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде аталмыш санаттағы отбасылардың балаларына жалпы 5 000 грант бөлінді. Оның 100-і батысқазақстандық түлектердің еншісінде. Аталған білім беру гранттары жалпы сипаттағы трансферт арқылы жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Оқуға өтінімдер 5-10 тамыз аралығында жергілікті жоғары оқу орындарында қабылданбақ. Білім гранттары М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ға, Жəңгір хан атындағы БҚАТУ-ға, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне жəне С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне бөлінеді. Бұл оқу орындарын таңдауымызға бірнеше себеп бар. Ең біріншісі, оқу ақысының тиімділігіне байланысты. Өйткені жоғары оқу орнына түсетін бір балаға төленетін қаржы жылына 635 мың теңгеден аспауы керек деген талап қойылып отыр, - деді облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

 

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зəуре Ғұмарованың айтуынша, гранттарды бөлу жөнінде облыстық комиссия құрылған. Оқу гранттарын бөлу кезінде өңірімізге тапшы мамандықтарға басымдық берілмек жəне үміткерлер жеделдетілген оқу бөліміне де құжаттарын тапсыра алады. Абитуриенттерден ЖОО-ның жалпы мемлекеттік грантына түсу үшін жинаған құжаттары қабылданады. Көп балалы, атаулы əлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасы екенін дəлелдейтін қосымша анықтама талап етіледі. Кейін облыс əкімдігінің комиссия отырысында берілген мамандықтардың бөлінісі бойынша үміткерлердің тізімі анықталып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбақ. Сондай-ақ грант иегерлері ЖОО-ны бітірген соң үш жыл жергілікті жердегі атқарушы органдарының ұсынысымен сұраныс түскен аудан-ауылдарда қызмет етпек.