05 Тамыз 2019
59

БҚО-да биылғы жарты жылда 212 млн. жолаушы жəне 18 млн. тонна жүк тасымалданған

Бүгін ҚР көлік саласы қызметкерлерінің күніне орай Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында салтанатты шара өтіп, сала қызметкерлерін облыс əкімінің орынбасары Бағдат Азбаев құттықтады.

– Көлік саласының қызметкерлері ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Соның арқасында біздің еліміз тəуелсіздік жылдарында мақтан тұтуға тұрарлық биіктерге қол жеткізді. Республикамызда аталмыш саланы дамытуды, инфрақұрылымды өркендетуді көздейтін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Ақ Жайық өңірінде көлік саласы табысты дамып келеді. Тасымалдаушы кəсіпорындардың аутобус парктері біртіндеп жаңартылып, соңғы екі жылда қала ішіндегі қозғалысты жақсарту мақсатында 50-ге жуық жаңа аутобус сатып алынды. Орал қаласының аутобекетін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кеңселер салынып, көліктерге арналған заманауи жаңа тұрақ-орындар жабдықталған. 2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс көлемінде 212 млн. жолаушы жəне 18 млн. тонна жүк тасымалданды.

 

Көлік саласы қызметкерлері мен ардақты ардагерлерді кəсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, игі жақсылықтарды тілеймін! – деді Бағдат Оразалдыұлы.

Еңбекте озықтығымен ерекшеленген сала үздіктері облыс жəне қала əкімдерінің, «Nur Otan» партиясы, облыстық жолаушылар көлігі жəне аутокөлік жолдары, жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен кəсіподақтың алғысхаттарымен марапатталды.

 

Шара соңында еңбек ардагері Нұрлыбек Бірманов көлік саласында тер төгіп жүрген барша əріптесін құттықтап, салтанатты кеш соңы облыс көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.