06 Тамыз 2019
170

БҚО-да қатты желден зардап шеккен инфрақұрылым қалпына келтірілуде

Кеше Батыс Қазақстан облысында күшті жел ғимараттардың шатырын жұлып əкетті. Көшелердегі ағаштар құлап, электр желілерін үзіп, көліктерді басып қалды. Зардап шеккен тұрғындар бар.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, полковник Ақылбек Ахметжанов бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мəслихатында зардап шеккен ғимараттарға тоқталып өтті. Қатты желден Ақжайық, Бəйтерек, Қазталов аудандарында мектептердің шатыры сыпырылып түскен. Жəнібек ауылында М.Ықсанов атындағы колледж спорт залының шатыры құлады. Тасқала ауылында халықты жұмыспен қамту орталығының шатырын (225 шаршы метр) жұлып əкетті. Орал қаласында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының 40 шаршы метр жылу ұстайтын қаптамасы (алюкобонд) құлады. Сонымен қатар Зачаган кентіндегі №47 мектептің төбесі (144 шаршы метр) желге ұшқан. Одан бөлек қалада шатыры зардап шеккен тұрғын үйлер де бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше қалада Əбілқайыр хан даңғылында автокөлікке үлкен бұтақ құлап, көзінен жарақат алған 1988 жылғы ер адам, сондай-ақ 2003 жылғы қыз қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Желаев кентінде шифердің кесегі 2011 жылғы қыздың басына құлаған. Қыз қалалық ауруханаға жеткізілді. Н.Назарбаев даңғылында 1950 жəне 1945 жылғы əйелдердің басына бұтақ тиген. Оның біріншісі ауруханаға жатудан бас тартса, екіншісі қалалық ауруханаға жеткізілген.

«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қалалық филиал басшысы Валерий Диминтевскийдің айтуынша, облыс орталығында 105 жерде электр желілерінің үзілуі тіркелген. Кеше 6 жөндеу бригадасы, 2 апатты жою тобы түн ортасына дейін жұмыс жасаған. Бүгін Орал қаласында 4, қала маңындағы кенттерде 4 топ жұмыс жасайды. Əр топта 2-3 адамнан бар. Валерий Диминтевский қалада штатта жұмыс жасайтын 22 монтер барын айтты. Сондықтан қалпына келтіру жұмыстары əлі 2 күнге дейін созылуы мүмкін екенін мəлімдеді. Дəл қазір Орал қаласында 3 мың, қалаға қарасты кенттерде 1 мың абонент жарықсыз отыр.

Ал Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жəне тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Мержан Нұртазиевтің айтуынша, Орал қаласы тұрғындарынан «Жайық таза қала» мекемесіне ағаш құлауы жөнінде 60 шағым түскен. Кеше жолдың, жаяулар жолы мен газ құбырына құлаған 20 ағаш тазартылған. Қалғандарын бүгін аталған мекеменің 6 бригадасы жинауда. Су айдау стансасында электр қуаты болмауы себепті қаланың кей жерлерінде су тоқтатылды.

 

Облыс əкімі Ғали Есқалиев Facebook-тегі парақшасында: «Желдің екпіні 28 м/с дейін артуына байланысты Орал, Ақсай қалаларында жəне облыстың бірқатар ауданында үйлер мен ғимараттардың шатырларына зақым келіп, электр тарату желілерінің үзілуі, ағаштардың құлау жағдайы орын алуда. Сонымен қатар Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жəне оның аумағындағы алаңқай өртенді. Төтенше жағдай режимі жарияланды. Барлық апаттық жəне құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс жасауда, инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Қатты желдің салдарынан сіздің жеке мүлкіңізге зардап келтірілген жағдайда аталған оқиғаны тіркеп «112» нөміріне немесе аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға хабарлауыңызды сұраймын», - деп жазды.